Көктемнің алғашқы мерекесін шымкенттіктер кең ауқымда атап өтті. Түркістан сарайындағы мерекелік концерт қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың құттықтауымен басталды.
Қала әкімі салтанатты іс-шарада қаланың барлық әйелдер қауымын көктемнің алғашқы мерекесiмен құттықтап, 20 көпбалалы анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.
Бүгінде үшінші миллионер қаламызда 31 мыңнан астам көпбалалы аналар мекен етеді. Оның ішінде, 2 220 ана «Алтын алқа» иегері болса, 6056 «Күміс алқа» иегері, 511 Батыр ана, 700-ден аса 1 –ші және 2-ші дәрежелі орденмен марпатталған көпбалалы аналар.
Қаламыздың дамуы үшін, қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген асыл жандардың мерейі асқан күн болды. Алтын құрсақты, еңбеккер аналар расында қандай мақтауыңызға да лайық.
Мерекелік шара бұрынғылардан өзгерек өтті. Тек ән шырқап, би билеп қана емес, бұл кеште түрлі байқауларда топ жарып жүрген жергілікті дизайнерлердің сән топтамаларының көрсетілімі өтті. Сұлулыққа іңкәр, әсемдікке жаны құмар жандардың барлығының да көркем кестеленген киімдер көңілінен шықты.
Гүлжан Көшерова