Шымкентте құрылыс және энергетика саласындағы жабдықтар көрмесі өтуде

117
биыл испаниялық компания да көрмеге қатысуда

«Көрме» орталығы құрылыс материалдарына арналған павильонға айналды.

Қатысушылар отандық өнімге басымдық беруде. Алайда шетелдік өнімдер де көздің жауын алады. Құрылысы қарқын алған Түркістан және Шымкент қалалалары үшін мол мүмкіндікті ұсынған шараға келушілердің де қарасы қалың.

Есен Құрбанбаев, сарыағаштық кәсіпкер

Есен Құрбанбаев, жеке кәсіпкер: «Сарыағаш қаласынан келдім. Құрылыс материалдары жабдықтары құрылысы қайнаған оңтүстік үшін керемет мүмкіндік. Ауқымды жәрдем береді. Бұрын басқа өңірлер мен шетелге барсақ қазір бір жерден өзіміздің отандық, шетелдік технология болсын құрылыс заттарымен таныса аламыз. Өте тиімді».

Айта өтейік, дәстүрге айналған көрмеге қырыққа жуық компания өкілдері өнімдерін шығарды. Іскерлік байланысты арттыратынын сезінген өндірушілер жаңа дүниелерін алып келіпті. Архитекторлық жобасы тың нысанды салуға қажетті құрылыс бұйымдарын Ресей мен Қырғызстан, Өзбекстан және Испания елдерінің өндірушілері де ұсынған.

Биыл испаниялық компания да көрмеге қатысуда
Қадырхан Раимбаев, алматылық серіктестіктің өкілі

Қадырхан Раимбаев, алматылық зауыттың өкілі: «Бүгінгі көрмеге келіп қатысып жатырмыз. Біз жергілікті компаниялар «Ақ Ордасы»,»Базис А» қала әкімдігі және облыспен тығыз қарым — қатынаста жұмыс жасап келеміз. Су, газ жүйелерімен қамтимыз. Осы бағытта жұмысымыз жалғасады деген сенімдеміз».

Кәсіпкерлер көрме орталығының алаңында жайғасқан энергетика саласындағы заманауи құрылғы, жабдықтармен де таныса алды. Ал 14 наурызда «Өндірістік аккумуляторлар және жабдықтары» тақырыбында семинар ұйымдастырылмақ. Ұйымдастырушылар  көрме 15-ші наурызға дейін жалғасатынын айтады.

Шынар Оразова