«Қошқар ата-Сейілі» — көктем мерекесі. Биыл Шымкентте 4-рет қолға алынып отыр. Айтулы мейрамды арқа-жарқа атап өту үшін жерлестеріміз киелі өзеннің жағалауына жиналды.

Ә-дегеннен-ақ, көпшіліктің әуелгі мерекелік әсерін байқауға болады. Көктемнің торқалы тойында сейіл құрып, әз Наурыз мерекесін бастауға асыққан ағайын арқа-жарқа, мәре-сәре күй кешкен. Өзара ақжарма тілектерін жаудырып, татулықты ту ете төс қағыстырып, бір-бірін құшақ жая құттықтап жатыр.Дүбірлі той — халқымыздың дәстүрін дәріптейтін әз Наурыз мерекесінің бір бөлігі. Дегенмен, бұл тойдың жөні бөлек деген ұйымдастырушылар әдеттегідей алдымен асыл тұқымды қой-қошқарларды көпшілікке ұсынып, таныстырған жоқ. Бірақ, бүгінгі көрмеден қазақ Ерінің қанатына айналған жылқы, кәнігі бәйгеге тігілер кіл тұлпарларды көзіміз шалды.Мерекенің көркі — қошқарды көтерген палуандар сайысы. Білектің күш-қауқарын еңсерген жауырыны қақпақтай ерлер жиналған дүйімді таңқалдырды. Минут пен мезеттің ішінде мойнына салған қошқарды сан рет көтеріп, қарсыластарын сан соқтырғандардың еңбегі ерекше еленіп, жеңістің төрін бағындыды. Жиналған қауымның да құрметі мен алғыс-батасын арқалады.Көктем мерекесі аясында ұлттық ойынның өзге де түрлерінен жарыстар өрбіді. Асық ойнап, алысқан балақайлар да өзара мерген-мықтыларды мойындатты.Қылқалам шеберлері мезгіл мен мерекенің сұлулығын суреттеріне сыйдырған-ды. Ал қолөнершілер халқымыздың төл тарихын тың туындыларымен таныстыруға кіріскен. Тіпті «Алтын адамның» кескін-келбеті де алыстан мен-мұңдалап, жерлестеріміздің ерекше қызығушылығын тудырған. Жұртшылық өз кезегінде суретке түсіп, тарихи шежіреге үңілуге мүмкіндік алды.

Мерекенің мерейін асырған — салт пен сана, ұлттық құндылықтардың ұлықталуы болса керек-ті. Осы орайда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бір емес, екі бірдей бүлдіршіннің тұсауын кесті. «Әкім болсын! Бақытты болсын!», — деп шаһар басшысы кішкентайларға тілегін жолдады.  Дәстүр бойынша, келген көпшілікке наурыз көже ұсынылып, ақ бауырсақтар үлестірілді. Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, айтулы тойдың құрметі үшін алдын ала 1 тонна бауырсақ пен 300 литр көже дайындалған. Жерлестеріміз бір дастарханға жайғасып, бір атаның баласындай татулықты ту ете дәмнен ауыз тигеніне де куә болдық.Айта өтейік, қаланың қақ ортасынан құлай аққан киелі өзен Қошқар атаның аумағында тойланатын мейрам осылайша араға ғасыр салып қайта жаңғырды. Және бұл мереке тек Шымкентке ғана тән.

Мөлдір Бекеева