Шымкентте алғаш рет спорттық медицина орталығы ашылды

435

«Медикер» клиникасының базасында тұрғызылған кешен Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен жүзеге асқан. Ендігі өңірлік дарабоздар кәсіби спорттық дайындықтары мен оңалту процесстері үшін алаңдамаймыз деп қуануда.

Елімізде бұрын-соңды болмаған медициналық мекеме Шымшаһарда халыққа қызмет көрсетеді. Емдеу орталығының ерекшелігі сол – бар өмірін спорттық салаға сарп еткендердің денсаулығын оңалтуға бағытталған. Оны өңірлік спортшылар таптырмас мүмкіндік деп біледі. Сондықтан клиниканың бар мүмкіндігін тексеру үшін олар ғимараттың ашылуына асығып жеткен.

Дмитрий Ермоленко, спортшы: «Мұндай орталықтың ашылуы бірінші кезекте, әрине бізді яғни, спортшыларды қуантпай қоймады. Себебі, денсаулығыңды тексерту үшін шетелге барып қаратудың қажеті жоқ. Оның үстіне, спортшылардың үнемі аяғы, буыны сыздап жүреді ғой. Оның бәрін осы жерде қаратып, емделуге болады. Өзіме ұнады».

Жаңа спорттық клиника соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған. Айталық, енді спортшылар медициналық диагностика, дене дайындығы мен қозғалыс деңгейін анықтайтын кешенді тестілеуден өте алады. Сондай-ақ, мұнда спорттық жарақат алғандарды оңалту мен қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған.

Бақытжан Позилов, «МЕДИКЕР 4K» медициналық клиникасының директоры: «Тағы бір айтып кететін мәселе, қазір көптеген ата-аналар балаларын нақты қай спорт түріне машықтандыру керектігі туралы білмей дал болады. Ал біз мұндағы заманауи техникалардың көмегімен баланың спорттық физикалық мүмкіндігінің деңгейін анықтаймыз. Қай спортқа икемді екенін саралаймыз. Ал оны білмей баласын спорттық секцияға бергендер кейін опық жеп жатады. Себебі балалары спорттық зақым көптеп алып жатады немесе белгілі бір деңгейді көрсетпей жатады. Бұның барлығы басында белгілі тестілеуден өтпегендіктен».

Айта өтейік, жаңа спорттық клиниканы салу үшін жалпы көлемі 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Ауданы үш жарым мың ш.м құрайтын мекеме тәулігіне 500-ге жуық науқасты қабылдай алады.

Айя Мүтәлі