Шымкенттіктер енді көлігін автожуу бекетіне қалдыруда қорқақтап қалды. Себебі, теміртұлпарын жуып-тазалау үшін мегаполистегі арнайы бекеттердің біріне тапсырып кеткен жүргізуші айдың-күннің аманында, мәшінесінен айырылып қала жаздады. Белгілі болғанынадай, ұры алыстан келмеген.

Шымкент қалалық полиция департаментінің төрі. Департамент бастығы Ералы Жұмаханбетов бұл жолы әдеттегідей, полиция қызметкері — тәртіп сақшыларын емес, кәнігі қарапайым азаматты арнайы шақырып, алғыс хат және сый-таралғысын тапсырды. Елеулі еңбегі үшін құрметпен марапатты. Себебі 43 жастағы Нұрғали Шәріпбеков көлік ұрлап, арам пиғылын асырғалы жатқан сұққолдыны құрықтауда атсалысқан. Дәлірегі, ұстап берген.«Бәрі тосыннан болды. Азанғы уақытта жұмысқа деп жолда жаяу келе жатқанмын. Қарасам, бір орыс жігіті жүгіріп келеді. Соңынан полицейлер қуып, жете алмай жатқанын байқадым. Маған олар «Ұста, ұста», — деп айқайлады. Сол мезет мен ол жігітті ұстап, тәртіп сақшыларының қолына тапсырдым. Мен мұнымды ерлік деп санамаймын және менің орнымда кімде болса, осылай жасап, көмектесер еді. Ал бүгін ерекше әсерге бөленіп тұрмын. Арнайы марапаттап, сыйлық тапсырды. Рахмет! Бірақ мен мұндай сыйлық үшін емес, жәй ғана азаматтық парызымды орындау мақсатында ғана  полицейлерге көмектестім», — дейді Нұрғали Шәріпбеков.

Бұл оқиға биыл, 22-ақпан күні, «Нұрсәт» шағынауданында орын алған. Өзіне тиесілі BMW X5 көлігін жуып-тазалау үшін  автожуу орнына тапсырып кеткен жүргізуші, қайтып келгесін меншікті мүлкін таппаған. Белгілі болғанындай, оны көлік жуу бекетінің жұмысшысы айдап кеткен. Ұрлықтың жолын кеспек болған тәртіп сақшылары жұмыла жұмысқа кіріскен-ді. Ал сұққолды автокөлікті жолдың жиегіне беттей соғып, соңынан жаяу жүгіріп қашуға беттеген сәтте, сол маңайдағы ер адам ұстап, оны тарп еткізбей тәртіп сақшыларына тапсырған.Әсел Саденова, Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: «Құрықталған автожуу бекетінің жұмысшысының үстінен қазір қылмыстық іс-қозғалып, оқиғаның ақ-қарасы анықталып жатыр. Расында, қоғамдағы адамдардың бізге осылай көмек көрсеткеніне қуанамыз және әркез елеп, ескеріп, арнайы марапаттаймыз. «Жұмыла көтерген — жүк жеңіл» демекші, осы үрдіс жалғаса берсе, қылмыстың да саны азаяды деп ойлаймын».

Айта өтейік, Шымкент қаласында жыл басынан бері 23 көлік ұрлығы тіркелген. Ол қылмыстардың әзірге 13-ы ғана ашылып отыр.

Мөлдір Бекеева