Шымкентте «Масленица» мерекеленді

280

Бүгін Шымкентте қалалық словян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Масленица мерекесі атап өтілді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен мерекелік шараға қаламыздағы барлық этномәдени бірлестіктер үн қосты.

Славян этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар мен орыс драма театрының әртістері дайындаған концерттік бағдарлама жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ғимарат алаңында ұйымдастырылған ұлттық тағамдар мен қолөнер туындыларының көрмесі бұл күннің шырайын келтіре түсті. Ал, Масленица мерекесінің дәстүрлі тағамы құймақ тұрғындарға таратылып, оны дайындаудың қыр-сыры таныстырылды. Спорттық ойындар мен мерекенің дәстүрлі рәсімдерін көпшілік қызыға тамашалады. Бұл шараларды қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов аралап көріп, жиналған қауымды мерекелерімен құттықтады.

Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романованың айтуынша, Масленица мерекесі қаламызда жыл сайын сән-салтанатымен ұйымдастырып келеді.

«Аталмыш мейрам алдымен қыспен қоштасатын, шуақты көктемді қарсы алатын күн ретінде тойланады. Сонымен қатар, өкпелі адамдарды бір-бірімен татуластыратын, адамдарды жасаған қателіктері үшін кешірім сұрауға үндейтін күн. Біздер, қазақстандықтар – біртұтас халықпыз. Бүгінгі мерекелік шараны атап өтуге қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің бірі қалмай атсалысты. Алда келе жатқан Наурыз мейрамын да жоғары деңгейде атап өтуге белсене қатысатын боламыз. Ортақ мерекелер біздің достығымыз бен берекелі бірлігімізді одан әрі нығайта түседі»,- дейді Н.Романова.