Шымкентте оқушылары жаппай уланған мектепте сабақ уақытша тоқтатылды

354

Бір күнде қырықтан аса шәкірті уланып, ауруханаға түскен білім ұясына барған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осындай шешім қабылдады.

Қалалық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін сабаққа келген оқушылар үйлеріне қайтарылған. Ал, иістен уланып, медициналық көмекке жүгінген 45 адамға дер кезінде көмек көрсетілген. Есесіне, себеп-салдарына келгенде дау туындады.

Елді дүрліктірген оқиғадан кейін еліміздің бас санитары жаппай уланудың басты себебін атады. Айтуынша, газ таратушы станциядан шыққан ақаудан балалар жапа шеккен.

Жандарбек Бекшин, ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы: “Бұл оқиғаның себебі ең бірінші табиғи газ тарату станциясында газдың шығуы анықталды. Біздің мамандарымыз тексерген. Газ қызметі газ шығуын жөндеді. Қазіргі таңда
осы потстацияның аумағыында ешқандай газ жоқ. Біз лабораториялық зерттеу жасадық мектептің қасында ешқандай зиянды заттар анықталған жоқ”.

Ал бүгін қаладағы газға жауапты мекеме «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ресми түрде төтенше жағдайға газ иісінің таралуы себеп болмағанын жеткізді.

Жеңіс Қуанышбеков, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қалалық филиалының өндірістік-техникалық бөлім басшысы: “Санитарлық нормаға сәйкес метан 4-ші санаттағы сол себептен де улы заттар қатарына жатпайды. Метанмен улану мүмкін емес. Ол жерде ауаға шыққан жағдайда да жарылыс немесе өрт болар еді. Болмаса тұншығу жағдайы болуы мүмкін еді”.

Еске сала кетейік, 18-наурыз күні “Ынтымақ” шағынауданындағы N54 мектепте оқушылар мен мектеп қызметкерлері жаппай уланып, токсикологиялық ауруханаға түскен болатын. Санаулы уақыттың ішінде барлық құрылым қызметкерлері білім ордасына жиналып, салдарын анықтауға кіріскен. Сол кезде-ақ, газ қызметі жұмысшылары мектептің аумағын тексеріп, табиғи газдан емес деп өздеріне шаң жолатпаған болатын.

Сонымен, ауруханаға 45 науқас жеткізілген, оның 41-і оқушы және 4 ересек адам болған.

Жапа шеккендердің бәрінде де — жеңіл дәрежедегі улану диагнозы қойылған. Мектептің барлық оқушысы мен мұғалімі бақылауға алынды. Жұмыс тобы төтенше жағдайдың себебін анықтау бойынша тексеру жұмыстарын жалғастыруда.

Ернар Балабеков