Шымкентте санитарлық талапты сақтамаған 390 білім мекемесіне айыппұл салынды

399

Санитарлық талапты сақтамаған 390 білім мекемесіне айыппұл салынған. Оның 79-ы қаладағы мектептер болса, қалғандары өзге де білім беретін ұйымдар. Айыппұлдың жалпы сомасы- 10 млн теңгеден аса. Бұл туралы Шымкент қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Салаға жауаптылардың сөзінше, білім ұяларындағы кемшіліктерді жоюға нақты орындау мерзімдері көрсетіліп, санитариялық ұйғарымдар берілген.

Бұған қоса жеке «Зерек» балабақшасын жабуға материал тапсырылып, сот шешімімен жұмысын уақытша тоқтатуға қаулы шығарылды. 51 қызметкер жұмыстан шеттетілді.

«Санитариялық талаптардың негізгі бұзушылықтары болып табылғаны: оқушылардың бой-жас ерекшеліктеріне қарай мектеп парталарын таңбалау талаптарының сақтамауы, ылғалды жинау режимінің сақталмауы, кейбір азық-түліктердің сапасын және қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарының болмағандығы, өндірістік зертханамен бақылау жүргізуге келісімшарттарының мерзімі өткендігі және басқа да кемшіліктер. Бұдан басқа, департаментпен оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастыруға мониторинг жүргізілді. 2018 жылы 127 мектептерде ыстық тамақ ұйымдастырылды, 9 мектепте буфеттік тамақ ұйымдастырылған, ал 4 мектепте (№ 95, 115,121,123) ыстық тамақ ұйымдастырылмаған»-деп хабарлайды Шымкент қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті.

Шымкент қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті алдын алу шаралардың маңыздылығын кеңінен түсіндіру мақсатында, білім басқармасымен бірлесіп, мектеп директорлары және мектеп асханаларын жалға алушы жеке кәсіпкерлердің қатысуымен «Оқушыларға тиімді тамақтандыруды ұйымдастыру» тақырыбында семинар өткізілді.

Лаура Нахыпқызы