Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық алтыншы сессиясында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттегі Астана даңғылының атауын Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атауды ұсынды. Кезектен тыс ұйымдастырылған сессия отырысына қала әкімі Ғ.Әбдірахымов және әкімдік мүшелері, жергілікті атқарушы орган басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
– Мемлекетіміздің іргетасын қалаушысы, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өзінің салиқалы басшылығымен тәуелсіздік туын биікке көтерді. Ата заңымызды, рәміздерімізді, шекарамызды және рухани құндылықтарымызды қастерлей отырып мемлекетіміздің абыройын асқақтату жолында тарихи бастамаларды жүзеге асырды. Егемендігіміздің негізін қалаушы біздің Тұңғыш Президентіміз — барша қазақстандықтар мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан құрметке ие болған ұлы тұлға. Елбасымыздың есімін осылай ұлықтау біз үшін асқан мәртебе және қуаныш, — деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Халық қалаулылары қала басшысының бұл ұсынысын бірауыздан қолдады. Осылай-ша Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталық орналасқан Астана даңғылын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атау туралы құжат республикалық ономастика комиссиясына жіберілді.
Айта кетейік, 2019 жылдың 20 наурызы күні ҚР Парламенті палаталарының бірлескен оты-рысында Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс айтқан болатын.
Астана даңғылы – Шымкент қаласының бас көшесі. Оның бойында қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан.
shymkent.gov.kz