Шымкенттік аналар тамыз айында мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек 100 мың теңгеден алатын болады. Қазір аз қамтамасыз етілген отбасылардың өмір сапасын жақсарту үшін құрылған арнайы штаб бұл көмекке иек арта алатын үміткерлердің санын анықтауда.
Бұл туралы бүгін шаһардың әлеуметтік мәселелері талқыланған баспасөз мәслихатында айтылды. Қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев саладағы атқарылып жатқан өзге де шараларды баяндап берді.
Шымкентте қазір тұрмысы төмен отбасыларына тиісті қолдауларды көрсету сапасын жақсарту үшін арнайы штаб құрылған. Әлеуметтік карта аясында іске кіріскен мамандар санаттағыларды түгелдей қамту үшін таңертеңнен қара кешке дейін қызу жұмыста. Апта сайын 4 аудан әкімдігі мен басқармада «Ашық есік» күндері ұйымдастырылуда. Онда тұрғындарға тиісті мәліметтер беріліп, жаңа сипаттағы көмектер жан-жақты түсіндіріледі дейді билік өкілдері.
Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру үшін «Ел көмек» әлеуметтік порталы жүзеге асырылатын болады. Алдағы уақытта толықтай цифрландыруға көшеміз. Бұл азаматтарға ыңғайлы болады».
Айта кетейік, Шымкентте былтыр 10 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуемттік көмек алса, биыл 1 сәуірден бастап қаржылай қолдауға 20 мыңнан астам отбасы қол жеткізе алады екен. Аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына ай сайын 20 789 теңге көмек төленетін болады дейді мамандар. Бұл дегеніміз күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды.
Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қазір әлеуметтік карта бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Атаулы әлеуметтік көмекке құжаттар сәуір айынан бастап қабылданады».
Шымкенттік Батыр аналар мен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері қоғамдық
көіктерде тегін жүреді. Қамқорлық мұнымен де бітпек емес. Салаға жауаптылар қазір сый-құрметке лайық азаматшаларға қатысты бірнеше жобаны іске кіріскен. Алдағы уақытта Шымқалада аға буын өкілдерінің уақытын тиімді өткізу үшін белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен аналар орталығы ашылады.
Мақпал Рысбаева