Шымкентте кардиохирургтар 38 жастағы азаматтың жүрегіндегі тесікті бітеу үшін ағзасындағы қапшықтан жамау жасаған. Кейін пациенттің ағзасындағы қапшықтан жасалған жамауды жүрегіндегі тесікке бітеген. Дәрігерлер емделушіге күрделі отаны үш сағат бойы жасаған.

“Отаның ерекшелігі сол — қабырға арасынан 4-5-ші қабырға аралықта кішкентай ғана кесіммен 3-4 см эндовидеоторакоскопиялық құрылымның көмегімен іске асады. Бұл әдістің басқа операцияларға қарағанда артықшылығы ота жасалған науқастар 3-4 ші күні үйіне шығарылады және реабилитация мерзімі өте қысқа болады. Тағы бір айта кететін жайт, косметикалық тұрғыдан әсіресе жас әйелдерге және балаларға ыңғайлы, операциядан кейінгі тыртық білінбейді”, — дейді Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаев.

Айта кетейік, шымкенттік дәрігерлер мұндай операцияны алғаш рет жасап, жақсы нәтижеге қол жеткізген. Күрделі операцияны жасау үшін ақ халаттылар шетелден немесе өзге қаладан білікті маман шақыртпай-ақ өз біліктіліктері арқасында сәтті жүзеге асырған.

Опеарцияның басым бөлігі — эндовидеоторакоскопиялық құрылығының көмегімен іске асқан. Қазіргі таңда әлемдік кардиохирургиялық тенденция осы әдіске көшуде.