Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында болашақ заң саласының қызметкерлеріне арналған «Ашық есік күні» өткізілді. Іс-шараның мақсаты — соттарды цифрландыру бағытында сот қызметіне енгізілген жаңа технологиялар жайлы толық ақпарат беру болды.
Іс-шараға төрағаның міндетін атқарушы Серік Кәрім, бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Ерлан Есенбаев, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің студенттері қатысты.
Қазіргі заманда азаматқа сотқа талап арыз беру үшін сотқа барып, уақытын жұмсап, жүйкесін жұқартуының еш қажеті жоқ. Сотта ендіріліп жатқан жаңа технологиялар әуре-сарсаңнан және қағазбастылықтан құтқарып, көмекке келеді.
Соңғы кездері IT-технологияларға көптеп көңіл бөлінуде. Сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көптеген жобалар қолға алынуда. Студенттер мен БАҚ өкілдері бейнеконференц — байланыс арқылы өткен сот процесіне қатысып, «Төрелік» ақпараттық жүйесінің, «Сот кабинеті» сервисінің мүмкіндіктерімен және сот актілерінің дерекқорымен, аудио-бейнежазба жүйесімен, «Талдау» форумымен танысты.
С.Кәрім мен Е.Есенбаев студенттерге сот мәжіліс залдарын көрсетіп, оларды толғандырып жүрген сұрақтарына жауап берді. Студенттер іс-шарада белсенділік танытып, сот жұмысын ішінен көруге мүмкіндік берген сот қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.