Ағымдағы жылдың қаңтарында Созақ АПБ-нің кезекшілік бөліміне жергілікті екі тұрғын өткен жылдың күз айында бос жайылымнан 40-тан астам түйелерінің жоғалғандығы туралы арыз түсіреді. Аталған жайт, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «ұрлық» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды.

Жоғалған түйелерді тездетіп іздеу мақсатында полиция бөлімінің қызметкерлері және өзге де полиция бөлімдері арасынан жедел-тергеу тобы құрылды. Бірнеше мобильдік топтармен жақын жердегі бос жайылымдық жерлер мен тағы да басқа аумақтар түгелімен тексерілді. Полицейлердің алдын ала жүргізген тексеру шаралары нәтижесінде ірі қаралардың қараусыз бос жайылымда жүретіндігі белгілі болды.

Екі апта бойы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Созақ АПБ-нің полицейлері алыс жайылымның он шақырымды жерінен жоғалған түйелерді тапты. Полицейлер табылған түйелерді заңды иелеріне қайтарды. Жергілікті тұрғындар тәртіп сақшыларына малдарын іздеу барысында кәсібилік пен жеделділік танытқандары үшін алғыстарын білдірді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне жеке мүліктерін сақтау мен қорғау шараларын күшейту керектігін айтады. Жауапсыз болып, малдарды бос жайылымға қараусыз жібермеу керек. Сондай-ақ, мал ұрланып немесе жоғалған жағдайда уақыт өткізбей тез арада полиция қызметкерлеріне хабар берген жөн.
Ұрылардың құрбанына айналмас үшін үй малдарын қараусыз қалдырмай, қойшы жалдап, қора жайларды мықтап бекітіп, жарықтандырып, иттерді күзетке қойған дұрыс. Әр малға арнайы белгі салынып, таңбалануы тиіс.

Егер де сіз қандай да бір қылмыстық оқиғаның, ұрлық жайтының куәгері немесе құрбаны болсаңыз, малыңыз жоғалып кетсе тез арада полицияның 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.

ТО ПД-нің баспасөз қызметі