Шымкентте Азаматтық қорғаныс айлығы аясында «Құтқарушылар қызметі балалар қауіпсіздігін күзетуде» тақырыбымен көрме өтті. Онда мектеп оқушылары төтеншеліктердің жұмысымен танысты.
Оқыс оқиғалар кезінде пайдаланылатын техникаларды қызықтап, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренді.
Жол апатына ұшыраған зардап шегушіні көліктен алып шығарда асқан ептілік керек дейді мамандар. Мұндай жағдайда арнайы корсеттің көмегі зор. Төтеншеліктер Айгүл Шыныбекке оқыс оқиғалар кезінде бел омыртқасы зақымданған науқасқа қалай көмек көрсетуге болатынын үйретті.
Айгүл Шыныбек: «Бұл жерден көп нәрсе үйрендік. Пайдалы нәрселер көп үйрендік».
Оқушылар түрлі жарыстарға қатысып, төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын құрал-жабдықтарды тиімді пайдаланудан сайысты. Құтқарушылардың жұмысымен етене танысты. Қауіпсіздік шараларына қанықты. Ашық есік күнінде 15 техника, жеке құрамнан 30 адам жұмылдырылды. Бас-аяғы 300-ге жуық оқушы қорғану әдістеріне үйреніп, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін де меңгерді.
Ашық есік шарасы ашық алаңда жалғасты. Мұнда шәкірттер бірнеше қызметті бір мезетте атқаратын мүмкіндігі мол әмбебап техникалармен танысты. Осындай дәрістер енді «Азаматтық қорғаныс айлығы» аясында бір ай көлемінде қаланың барлық білім беру және мектепке дейінгі мекемелерінде жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.
Мақпал Рысбаева