Төлебиліктер төтенше жағдайдағы іс-әрекеттерді үйренді

323
1-ші Мамыр жалпы орта мектебінде эвакуациялық бекет орналасты

Тау бөктерінде орналасқан төлебиліктерге төтесінен келетін апаттың қаупі басым.

1-ші Мамыр жалпы орта мектебінде эвакуациялық бекет орналасты

Төтеншеліктер үнемі назарында ұстайтын елді мекенде қар көшкіні жүру, сел, су басуы ықтимал. Сондықтан болар, ауылдықтарды айтып келмейтін апаттан аман алып қалудың жолы жыл он екі ай пысықталып жатады. Бұл жолы, арнайы сценарий арқылы  жер сілкінісі орын алып, құтқару бекеттерінің іс-қимылы бағамдалды.

Жер сілкінісі жөнінде хабарламаны естіген ауыл тұрғындары бірден қамданды. Оларға 1-ші мамыр жалпы орта мектебінің ғимаратында орналасқан эвакуациялық көшіру-жиналу бекетінің жеке құрамы көмектесті. Есепке алу және тіркеу тобының міндеті дабылды естіп келген азаматтарды шұғыл тіркеп, қажетті көмекті көрсету.

Эвакуациялық бекетте азаматтар тіркеліп есепке алынуда

Мектептің бірінші қабатында орналасқан ақпараттық қызмет, медициналық бекет бөлмесінде топтағы сала мамандары үрейленген ауыл азаматтарына психологиялық, медициналық жәрдем көрсетуде. Жер сілкінісі кезінде ата-анасын жоғалтып алған ұл- қыздар эвакуациялық көшіру-жиналу бекетінің ана мен бала бөліміне жеткізілді. Мұндай практикалық жаттығулар адамдарды төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуге үйретеді,- дейді көпбалалы ана.

Шолпанай Халмұрзаева, Төлеби ауданы 1-ші Мамыр ауылдық округінің тұрғыны: «Дабылды  ести салып газды, электр жарығын сөндіріп, құжаттарды, балаларды алып эвакуациялық бекетке келдік. Мұндай іс шаралардың  берері  мол.  Өйткені машықтанамыз. Көп нәрсені білдік».

Айта кететін жәйт, 1-ші Мамыр ауылдық округі аграрлы ауыл. Төлеби ауданы әкімінің қаулысында төтенше жағдай кезінде мал басын есепке алып, оларды қауіпсіз жерге жеткізу де қарастырылған.

Ең басты мақсат жер сілкісінен аман қалған адамдарды қауіпсіз жерге орналастыру. Ол- осыдан 8 шақырым жерде орналасқан колледждің аумағы. 13 топтың іс әрекетін Төлеби ауданы әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары бақылады. Қорытындысы бойынша ең үздік көрсеткіш көрсеткен топ басшылары мараптқа ие болды.

Ерікхан Салыбеков, есепке алу және тіркеу:» Біздің топ адамдарды абыржытпай тез қабылдап, тіркеп, тиісті жерге жіберіп тұрды. Бір адамдай жұмыс істеген әріптестеріме алғысым шексіз».

Төлеби аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бақытқали Есіркепов 1-ші мамыр мектебінде орналасқан эвакуациялық көшіру-жиналу бекетінің жұмысына оң бағасын берді:»Аудан әкімінің қаулысында бекітілген жоспарға сәйкес эвакуациялық жинақ бекеттерін өрістету бойынша практикалық іс шара өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.Барлығы жақсы дайындық көрсетті».

Келесі практикалық жаттығу сәуірде Зертас ауылдық округінде өткізіледі. Осылайша айтып келмейтін апаттан аман қалу жолын меңгертеді. Әсіресе, табиғат тосын мінезін көрсететін көктем мезігілінде мұндай шаралар керек-ақ.

Шынар Оразова