Күні кеше Қызылорда облысы Жалағаш ауданында МИ-8 әскери тікұшағы апатқа ұшырап, бортта болған 13 адам түгел қаза тапқан болатын. Тікұшақ «Алтын жебе» атты арнайы бөлімдердің оқу-жаттығуы аясында Ақтаудан Шымкентке аттанған-тын. Қаралы бортта қаза болғандардың бірі – Сабыр Тоқбаев. 42 жастағы әскери Шымкенттің тумасы.
Майор Сабыр Тоқбаев әскери әуе күштері саласында көп жылдан бері қызмет еткен. Үйіне демалысқа келген ол жуырда ғана қызметіне аттаныпты. Соңғы сапары екенін жұбайы да, балалары да білмесе керек. Марқұмның артында 7 баласы қалып отыр. Үлкені 17-де болса, ең кенжесі әлі бір жасқа да толмапты. Әулеттің асыраушысынан айырылған ағайындары қайғыдан қан жұтып отыр.
Садық Борсабаев, туысы: «Соңғы рет 24 наурыз күні телефонмен сөйлестім. Жолығайық әңгімелесейік деген еді. Содан жұмысына кетіп қалды. Осындай жағдай болды. Үш күннен бері күтіп отырмыз. Не істерімізді білмей отырмыз… Достары көп еді. Бүкіл әулетін бауырларын жақсы сыйлайтын. Ақкөңіл, адал жігіт еді,ө мірге бір — ақ келетін жігіт еді».
Марқұмның денесін үйіне ертең алып келеді. Жер қойнына тапсыру да ертең болады деп отыр туыстары.