«Көктем аруы — 2019». Аталған ішінара мәртебеге бұл жолы ИЧ 167/4 қауіпсіздігі аса жоғары әйелдер түзету мекемесіндегілер таласты. Дәстүрлі байқау әдеттегідей 8-наурыз мерекесінде,  түрменің қабырғасында өрбіді. 

Темір тордың қабырғасында да әйел болып, әдемілікті сақтап қалуға болады. Бұл сөз-тоқтамымыздың дәлелі ИЧ 167/4 түзету мекемесіндегі осы көрініс болса керек-ті. Абақтыдағы әрбір 5 отрядтің әрқайсысы арнайы музыкалық бағдарлама дайындаған-ды. Бұл күні түрменің бұрыштары әдеттегідей налаға емес, әсем әнге бөленді. Сотталған нәзік жандылардың бостандықта жүргендегі еміс есінде қалған шығармалары, арасында жапондық «сакура» мен сезімге тұнған туындылар да бар. Заманауи еңбектерді де ептей ізденіп, ұсынғанына куә болдық. Мұндағы материалдық шектеулерге қарамай, олар бар мүмкіндікті молынан қолдануға тырысыпты.

Қатысушылардың қатарынан табылған Ардақ Баубекова да өзі тіккен киімін сәнмен үйлестіре киіп, өнер көрсетті. Осыдан 7 жыл бұрын қасақана адам өлтірді деген айыппен қапасқа қамалған оның қазіргі мақсаты — жалғыз. Рахымшылыққа ілігу.

Ардақ БаубековаАрдақ Баубекова, жазасын өтеуші: «Осы түзету мекемесінде біздің тәртібіміз бен танымымызды өзгерту үшін көптеген іс-шаралар өтеді. Менің соның бәріне қатысып, өзімнің ойлау қабілетім мен тәртібімнің түзелгенін көрсетіп келемін. Әрине, осылай белсенділік танытсам, менің де үйге қайту мүмкіндігім артады деп ойлаймын».

Сұлулық сайысына қатысушылар өзін-өзі таныстыру, сән конкурсын өткізу, өнерін ортаға салу және спорттық сайысқа қатысу секілді бірнеше бөлім бойынша бақтарын сынады. Абақты алаңқайында да сән үлгісін көрсетіп, өздері туып-өскен өлкесінің тарихы туралы айтып беруге де мүмкіндік алды. Жанкүйерлері де жоқ емес. Жазасын өтеуші әйелдер қатысушыларға болысып, үздіктерді қолдауға көшкен. Ал үміткерлердің таланты мен қабілетін түрменің әкімшілігі мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалап отырды.Сонымен, сұлулық сайысындағы жүлделі бірінші орынды екінші отрядтың шығармашылық тобы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен өзге де қатысушылар сый-таралғысыз қалған жоқ. Оларға әл Фараби аудандық әкімдігінің арнайы тағайындаған тартуы тапсырылды.Айта өтейік, ИЧ 167/4 қауіпсіздігі аса жоғары әйелдер түзету мекемесінде қасақана адам өлтірген немесе кантрабандалық жолмен есірткі тәркілеп-тасымалдағандар, яғни аса ауыр қылмысқа барғандар тоғытылған. Бүгінде бұл абақтыда 200 әйел жазасын өтеп жатыр.

Мөлдір Бекеева