Халықтың тілегі елдің ынтымағы ыдырамай, тыныштығының сақталуы

357

2019 жыл, 19-шы наурыз. Бұл тарих бетінде ойып тұрып орын алатын күн. Дәл осы күні ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын бүкіл елге жария етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті: «Барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға — халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім».

Президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқандығы жайлы кеше кешкісін білген ел есеңгіреп қалды. Есін жия аламай, Елбасын қимай жүр. Елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын жаудырған қалалықтар Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімді.

— Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқаны жайлы  ақпаратты жаңа ған естідім.Қимастықпен қабыл алдым. Ол кісінің  халық үшін, Қазақстан үшін жасаған еңбегі зор.

— Елбасымызға алғысымыз шексіз. Егемендігімізбен мақтана аламыз. Шымкентіміз көркейді. Кәсіпкерлерге керемет жағдай жасады. Орта және шағын бизнес дамып келеді, түрмысымыз жақсарды.

— Елбасымыз жастарды әрқашанда қолдады, қолдайды да. Бізге әкелік қамқорлығын көрсетіп,  кеңесін берді. Біз жан-жақты білімді, Отанымызды қорғауға,мемлекетіміздің әлемде өркениетті ел қатарында болуына тырысамыз. Барлық жақсылығыңыз үшін үлкен рахмет.

Нұрсұлтан Әбішұлы басқарған 28 жылдың елеулі оқиғаларын сараласақ. 1991 жылы 1-ші желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші тікелей бүкіл халықтық сайлауы болып, онда Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысын алды. Содан бері зайырлы мемлекетімізді бүкіл әлемге мойындатып, өркениетті елдер қатарынан ойып тұрып орын әперді. Ал 1997 жылдың 20 қазанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып бекітілді.

Иә, сол жылдың қара күзінде Мемлекет басшысы жаңа астана төрінде республикамыздың мемлекеттік нышандарын орталық алаңда салтанатпен қарсы алған болатын. Міне, осы сәттен бастап, Алатаудың бөктеріндегі әсем қала Алматыда қоныстанған мемлекеттік органдар Арқа төсіне атбасын бұра бастаған еді. Ал 1998 жлдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Ата Заңымыз бекітіліп, төл теңгеміз дүниеге келді.

ЭКСПООсыдан екі жыл бұрын халықаралық «EXPO» көрмесін өткізіп, елдің экономикасының дамығанын, әлеуеті өскенін паш етті. Көрме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін бергені баршаға мәлім.

Президенттің ауқымды жобаларының бірі — оңтүстік қазақстан облысының орталығын Түркі әлемінің рухани-мәдени астанасы Түркістанға көшіріп, өңірге Түркістан облысы атауын беруі.

Қ.А.Яссауи кесенесі

Халық бұл тарихи шешімді жылы қабылдады. Бүгінде Қасиетті Түркістанда қарқын алған құрылыс қазақ елінің назарында. Елбасының бұл қадамын оңтүстікқазақстандықтар Түркістан облысына, халқына деген ерекше ықыласы деп қабылдады. Сондықтан да абыройы асқақтаған Нұрсұлтан Назарбаевты қимастықпен шығарып салды. Ендігі тілектері елдің ынтымағы ыдырамай, тыныштығының сақталуы.

Шынар Оразова