Жас ұстаздардың біліктілігін көтеру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осы орайда қаламыздағы В.Терешкова атындағы №93 жалпы орта мектебінде «Жас ұстаз – болашақтың жарқын сәулеткері» атты семинар болып өтті.
Білімді де білікті ұстаздардан тәлім алған мектеп оқушыларының қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Елішілік қана емес, халықаралық сайыстарда топ жарып жүрген мақтаулы спортшыларының жетістіктері бір төбе. Білім сайысында да оза шапқан озат шәкірттерінің табысы да толағай.
Қалалық мектептерден келген мұғалімдерге мектептің бір жылда қол жеткізген нәтижелі жұмыстары таныстырылды. Спорттық сайыстардан бастап, «Ұлы елдің ұланымыз» атты шеру, қолөнер көрмесі, суретшілер көрмесін паш етті. Тәжірибе алмасу үшін жас педагогтардың шығармашылық потенциалын белсендіру, кәсіби шеберліктерін жетілдіру мақсатында түрлі пәндік тәжірибелік сабақтар өткізілді.
Білімді шәкірттері облыстық, республикалық сайыстарда қанжығасы майланып қайтқан білім ошағы ұстаздарының өзгелерге үйретері де көп.
Құттықыз Ахметова, В.Терешкова атындағы №93 мектеп директоры: «Бүгінгі семинарды ұйымдастырып отырғандағы мақсатымыз – бір жылда жеткен жетістігімізді, еңбегіміздің нәтижесін көрсетпек ниеттеміз. Мақсат міндеттеріміз педагог еңбегінің дәрежесін көтеру, жас педагогтардың инновациялық идеяларды іздеу ісін жетілдіру, жаңартылған білім беру форматында үш тілді білім беру жүйесін дәріптеу болып табылады».