Түркістан облысы Жетісай ауданындағы қала, кент, ауыл округтерінде жыл басынан бері 40 мыңға жуық тал-дарақ отырғызылды. Кейбір ауыл округтеріндегі көшеттерді суару үшін тамшылатып суару әдісі қолданылуда. Бұл өз кезегінде көшеттердің жаздың аптап ыстығында қурап қалмауына сеп болмақ.
Сондай-ақ, бүгін Жетісай ауданында жаппай сенбілік ұйымдастырылып, негізгі маңызы бар көше бойларына 1 мыңға жуық көшет егілді. Аталған шараға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлім қызметкерлері мен қала, кент, ауыл тұрғындары атсалысты. Мұндай сенбіліктер бұдан кейін де жоспарлы түрде ұйымдастырылып тұрмақ. Нақтырақ айтсақ, әкімдік қызметкерлері әр жұмыс күнінің соңында өздеріне бекітілген аймақтардың тазалығы мен күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыратын болады.
Көшет отырғызуда негізгі басымдық Жетісай ауданының климатына бейім әрі қолайлы тал-дарақтардың 10-нан аса түрі таңдалуда.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі