Үйі өртеніп кеткен жетісайлық отбасы даладағы сәкіде түнеуге мәжбүр

518

Жетісайлық бір отбасы далада қалды. Көктем шыға үйі өртке оранған жанұя мүшелері, шайлада өмір сүруге мәжбүр. Жаңбырлы күні де даладағы сәкіде ұйықтайтын оларға көмек береміз деген әкімдік әлі асығар емес.

Сырты бүтін, іші түтін кейіпке енген бұл баспана 11 наурыз күні өрт оранған. Электр желісінен шыққан қызыл жалынды үй иелерінің өзі де байқамапты. Сыртқа шығып кеткен олар 5 минуттан соң қара қабырғалардың куәгері атанған.

Жадыра Қошқарова, үй иесі: «Күндіз үйге кіріп, сәл-сәл жылынып аламыз да, түнде тапшанда жатамыз. Екі балам бар, немерелерді келінімнің төркініне жібердік. Жұмысымнан азын-аулақ көмек берді. Әкімшіліктен келіп кетті. Мамыр айында болады көмек деді Құдай қаласа. Қаржылай көмекті сол кезде береміз деп отыр».

Абырой болғанда тұрғындар дін аман. Тек киім — кешекпен қоса құжаттарының да өртеніп кеткеніне өкініш білдіруде. Бүгінгі таңда есік алдындағы сәкінің үстін жауып, паналап отыр. Бір отбасының мұндай мүшкіл халінен жергілікті әкімдік те хабардар».

Нұрақбай Қойлыбеков, Қызылқұм ауылдық округінің әкімі: «Өрттің шығу себебі электр қуатының тұйықталуынан. Төбесі толығымен жанып кетті. Әкімшілік тарапынан істелініп жатқан жұмыс демеушілердің есебінен және ауыл тұрғындарының есебінен қаражат жиналып жатыр. Сәуірдің 10-15-нен бастап, жәрдем береміз оларға. Толығымен үйдің шатырын ауыстыруға».

Күн жылысымен жұмысты бастаймыз деген Датқа ауылының әкімдігі әзірге демеушілердің көмегін күтуде. Одан соң асарлатып, шатырды жабатындарына сенімді.

Назерке Үкібасова