Төтеншеліктер қонақ үйде демалып жатқан азаматтарды тілсіз жаудан құтқарып, қауіпсіз жерге көшірді. Өрт-тактикалық жаттығудың сценарийі осылай өрбіді. Қауіпсіздік шараларын пысықтау мақсатында ұйымдастырылған шара барысын қалай өтті?
«Биік» спорт кешенінің қонақ үйіне төтеншеліктер шақыртылды. Қонақ үйден түскен қоңырау өрт сөндірушілерді аяғынан тік тұрғызып, бірден 20 жұмысшы жұмылдырылды. Жедел жеткен олар демалушыларды сыртқа шығарды.
Жапа шеккендеріне жедел жәрдем қызметі шақырылды. Бірінші медициналық көмек көрсететіндер жарақат алғандарды тасып, түтінге тұншыққандарға жәрдем берді. Бұл құтқарушылардың апатты жағдайдағы іс-әрекетін пысықтауға арналған сценарий болатын.
Аманбек Бейсенбаев, қалалық ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы: «Шартты өрт сөндіру толық деңгейде өткізілді. Жалпы ғимаратқа автокөліктер ыңғайлы кіруге мүмкіндігі болды. Ғимаратта өрт қауіпсіздік талаптары сақталған. Құтқару кезінде автаматты өрт сөндіру жүйесі қосылып, жұмыс жасауымызды жеңілдетті. Оқу-жаттығу тиісті деңгейде өтті».
Түнгі өрт-тактикалық оқу-жаттығу жиынына Шымкент қаласы ТЖД арнайы 9 негізгі және 2 мақсатты өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамы қатыстырылды. Жол-патрульдік қызметінің инспекторлары қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап тұрды. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, сонымен қатар, жедел-жәрдем медициналық көмек бригадасы, электр қуаты жүйелерін қамтамасыз ету қызметінің мамандары жұмылдырылды. Барлығы өздеріне жүктелген міндетті абыройымен атқарып шықты.
Ернар Балабеков