Абай ауданының әкімі қазығұрттықтарға берген уәдесінде тұрмады

289

Осылай деп арнамызға арызданған Сұраншы батыр көшесінің тұрғындары жаңбыр суынан жапа шегіп отырғандарын айтады.Айтуларынша жауын-шашын кезінде жол бойын су басады. «Жиналған су үйімізге кіріп, қабырғаларды қақырата бастады» деп шағынады көпшілік.

Сұраншы батыр көшесінің жолы 10 жылдан бері тұрғындардың бітпейтін жырына айналған. Жұрт әкімдік пен жауаптылардың есігін қағудан да, үй алдына тас төсеп бөгет жасаудан әбден жалыққанын айтады. Қазір қайта-қайта жамалған соң жол үйден әлдеқайда биіктеп кеткен. Жаңбыр суымен күресе әбден шаршаған жұрттың шарасы қалмады.

Диляра Өтепова, Сұраншы батыр көшесінің тұрғыны: «Осы жиналған судың кесірінен барлығы көгеріп кетті. Тіпті үйдің ішіндегі қабырғалр да көгеріп кетті. Аяғымды сарайда сындырып алдым. Су толып кеткен болатын сарайда».

Тығырықтан шығу үшін тұрғындар аудан әкімінің есеп беру жиналысына да барған. Айтуларынша, жұрт алдында берілген уәде сөз күйінде қалыпты. Әкімнен қайран болмаған соң, халық жол басқармасының басшысына да хат жазған. Әйткенімен жауаптылар Сұраншы батырлықтар жанайқайын шешуге асықпаған.

Сұраншы батыр көшесінің тұрғыны: «Әкім қазір бюджетте ақша жоқ деді. Ол кісінікі де дұрыс қой негізі. Жаңа жылдан кейін жолға ақша түседі деді. Бірінші сіздерге істетемін деді. Ал наурыз өтті, сәуір өтіп бара жатыр. Қашан жөнделеді сонда?».

Тағы бір тұрғын «Қазығұрт” шағынауданы әкімдігінің тірлігіне қарнымыз ашады. Сол жердің қызметкерлерінен халықтың жағдайы не болып жатыр екен деп, қандай проблемалары бар екен деп сұрамайды. Ал өзіміз барсақ барлығы бір-біріне сілтейді».
«Әкімшіліктен келетіндердің барлығы асфальт жолмен келеді де, тіке қайтып кетеді. Неге осы жолмен жүргіздірмейді. Барлығы алдамшы. Мынау мектепке баратын ең үлкен жол. Бала бақша, мектепке барлығы осы жерден барады. Ал, басқа көшелердің асфальты осы жерден бітеді”, деп ашынып отыр.

Ал жауапты мамандардың бұл ретте өз жоспары бар. Бірақ, оны орындауға келгенде қаражаттың жоқтығы қолды байлайды.

Абай Тұрханов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Көшенің ұзындығы 520 метр. Ағымдағы жылға бюджетке ұсыныс енгізгенбіз. Орташа жөндеу жұмыстарын атқаруға. Ал, қаражат бөлінбеген. Келесі нақтылауда тағы сұраныс беретін боламыз. Бюджетте қаржсы қаралған жағдайда жұмыстар басталады. Сметада арықтар қаралған”.

Сонымен, “Қазығұрт” шағынауданындағы Сұраншы батыр көшесіндегі құрылыс жұмыстары 2019-2020 жылдарға жоспарларын отыр. Жауаптылардың бюджеттен бөлінетін 8 млн. 500 теңгені күтуден басқа аламдары жоқ.