Шымкентте үлкендердің қарауынсыз қалған 3-4 жасар бүлдіршін қыз адасып кетіп, анасымен қауышты. Көшеде жалғыз өзі жүрген балақайды «СПИД-тен балаларды қорғайық» қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева байқап қалып, кеңсеге ертіп әкеліп, полицияға хабар берген.
Бұл туралы ол фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. «Баланың ересектердің қарауынсыз жүргенін байқап, бүлдіршіннен сұрай бастадым. Ол үндеген жоқ. Жыламады да. Күн салқын болғандықтан қолдары жаурап қалыпты. Кеңсеге кіріп су ішіп, тәттіден жеп болғасын, полицияға хабар бердім»- деп жазды Ж.Жазықбаева.
Аз уақытта қыз баланың анасы да лезде табыла кеткен. Белгілі болғандай, анасы 3-4 жасар қызын екі үлкеніне қарауды тапсырып кеткен. Ойынға алданған олар кішкентай бауырларын естен шығарыпты.
«Балаларға абай болыңыздар. Барлығы жақсы аяқталғаны керемет. Десе де мұқият болыңыздар «- деп жазды Ж.Жазықбаева.
Жанар Есенбекова