Заңсыз саудаға жол жоқ! Түркістан қаласы әкімдігінің айтары осы. Әкімдіктің сөзінше, қаланың қақ ортасындағы «Қуаныш» базарының маңы аяқ алып жүргісіз. Мұнда заңсыз сауда-саттық белең алып тұр. Бұл облыс орталығына айналған қаланың шырайына селкеу түсіретіні хақ. Сондықтан да әкімдіктегілер базарды қала сыртына көшірмек. Ал жаңа базардың құрылысы аяқталғанша саудагерлерге басқа базарлардан жәй беріліп отыр. Бірақ саудагерлер әкімдіктің бұл шешіміне наразылық танытып, «көшпейміз» дейді.
ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАЙ, КӨШПЕЙМІЗ!
20 жылдан бері нәпақасын саудадан айырып отырған Әсем Көшербаева балаларға арналған киім-кешек сатады. Ол әкімдіктегілердің қаланы көркейтуге қатысты қабылдаған шешімін құптайды. Себебі, ретсіз сауданың қала келбетін бұзып қана қоймай, адамдардың да, көліктердің де қозғалуына кедергі келтіретінін күнделікті көріп жүр. Бірақ, әкімдіктің жаңа базарды ашпай жатып, саудагерлерді үйреншікті жайларынан қуып жатқанына қарсы.
– Осы жерде сауда-саттық жасаймын. Жалдау ақысын да уақытылы төлеп тұрамын. Бірақ, Түркістан облыс орталығына айналғалы уайымым күшейді. Әкімдіктегілер «жайма сауда жасауға болмайды» деп қуған соң анда барамын, мында барамын. Сөйтіп, мазам қашты. Қаланың көркеюіне қарсы емеспін ғой. Бірақ, неге осы бірінші базардан бастайды. Көркейтуді, жөндеуді талап ететін басқа да жер бар. Жолды жөндесін, саябақты ретке келтірсін. Жаңа базарын салып берсін. Сосын көшірсін. Ал қазір базар жоқ. «Көш-көш» деп бізді «Алтынбұлақ» базарына баруға қинап жатыр. Ал онда жағдай жасалмаған. Жағдай жасалмай, көшпейміз! -дейді Әсем Көшербаева.
Мұнда Әсем сияқты белгіленбеген жерде саудасын жүргізіп отырған саудагерлер өте көп. Олар әкімдіктегілер саудагерлерді сергелдеңге салып ары-бері қуа бермей, ережені бәріне ортақ қылуды сұранып отыр.
– Жаңа базар ашылғанша «Алтынбұлаққа» барыңдар деп қуып жатыр. Егер де көшіру барлық саудагерге ортақ болып, бәріміз жаппай көшсек онда барамыз. Бірақ, жаппай көшіп жатқан жан жоқ. Тек бір-екеуі ғана. Олар да екі үш күннен кейін қайтып келеді. Себебі онда сауда жоқ,-дейді саудагерлер.
НЕГЕ ХАЛЫҚ ШАРШАУ КЕРЕК?
Байқағанымыз «Алтынбұлаққа» көшіріліп жатқан саудагерлердің қатарында тек белгіленбеген жерде сауда жасайтындар ғана емес, «Әзиз» базарында азық-түлік сататын саудагерлер де бар. Саудагерлер ары-бері көшкенде, тұтынушы-халық та қайда барарын білмей әбіржіп жүр.
– Базар көшіп жатыр. Жаймалар да, азық-түліктер де «Алтынбұлаққа» көшірілуде. Ол базарға жету осы маңда тұратын халық үшін ыңғайсыз. Десек те барлығы көшсе барамыз ғой, амал жоқ. Бірақ, қазір «Алтынбұлақта» тек жеміс-жидек сатып жатыр. Онда да аракідік. Көп емес. Көшірсе барлығын бірден көшірсін. Жеміс жидек үшін онда, киім-кешек үшін мында келіп неге екі ортада сандалып жүреміз? Неге халық шаршау керек?- дейді қала тұрғыны Жеңіскүл Қалымбетова.
КҮЗДЕ БӘРІ РЕТТЕЛЕДІ
Шенеуліктердің сөзі осы. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаевтың айтуынша, базардың қазіргі келбеті көңіл көншітпейді. Тәуелсіз жылдарынан бері орталық көше – «Тәуке хан» даңғылы жағалай бейберекет сауда орындарынан көз ашпай келеді. Салдарынан, осы маңда көлік кептелісі мен жол көлік апаты жиі болады. Мұны ескерген облыс және қала басшығы осы маңды ретке келтіру жұмыстарын қолға алған. Дәлірегі, «Тәуке хан» даңғылы бойында белгіленбеген жерде сауда жасайтын саудагерлер мен сол маңдағы бірқатар ірілі-ұсықты базарлар мен сауда нүктелерін қала сыртында бой көтеретін жаңа базарға көшіреді.
– Осы мақсатта қала сыртында, атап айтар болсақ Қызылорда бағытындағы жолдың оң тұсынан 25 гектар және сол тарапынан 7 гектар жер телімі бөлінді. 25 гектар жерде жаңа базар салынады. Сонда киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті барлық заттар сатылады. Ал 7 гектар жерде құрылыс материалдары базары түседі. Жоба бойынша әкімдік сол маңға инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізіп береді. Ал көшіп баратын базар әкімшіліктері сатушыларды сауда орындарымен қамтамасыз етеді. Бас-аяғы бұл жұмыстардың барлығы күзге дейін аяқталады,- дейді Тәжібек Мұсаев.
Әкімдіктегілердің жоспары осы. Ал оған дейін сауда нүктелері заңсыз деп табылған барлық саудагерлер қаласа да, қаламаса да «Алтынбұлақ» базарына көшуіне тура келіп отыр.
– «Алтынбұлақ» базарының әкімшілігімен келіссөз жүргізілді. Сол жерден 1700 орын бөлініп отыр. Саудагерлер онда 2 ай тегін сауда жасайды. Одан кейін базар әкімшілігімен бекітілген арендасын төлейді. Ал күзде жаңа базар ашылған соң сонда көшеді. Заңға бағынбағандар 5-10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл төлейді,-дейді қала әкімінің орынбасары.
Тәжібек Мұсаевтың сөзіне сенсек, саудагерлерге де, қала халқына да ыңғайлы болу үшін «Алтынбұлақ» базарына қатынайтын 9 бағыттағы қоғамдық көлік қарастырылған.
– Ендігі кезекте, саудагерлердің өтініш-тілектерін ескеріп, Қызылорданың аудан-аудандарынан, Ақтөбе, Жезқазған бағытында қатынайтын барлық қоғамдық көліктер мен жүк көліктерінің осындағы автовокзалға тоқтауын қарастырып жатырмыз,-дейді Тәжібек Мұсаев.
АРБАТ АШЫЛМАҚ…
Әңгіме барысында Тәжібек Мұсаев, бұған дейін «Әзиз» базары атанып келген орынның арбатқа айналатынын айтты. Сондықтан да осы базардағы барлық сауда қатарлары сүрілген. Бұдан бөлек, сол «Қуаныш» базарының да мәселесі май-шаммен қаралады екен. Бұл базар қысқа мерзімде заманауи талаптарға сай сауда орталығына айналуы керек. Бұл жайында базар басшылығына ескерту жасалыпты. Әйтпесе, «Қуаныш» базарындағылардың да қуанышы көпке созылмауы мүмкін.
Қос тараптың айтар уәжі осы. Олар тартысып жатқанда жаңа базардың құрылысы басталып та кетті. Яғни, Түркістандағы базар қала сыртына көшетін күн жақын. Қаланың көркейгені жақсы, әрине. Ал сол қаланың тұғындарының тұрмысы мен жағдайы жақсарса одан да жақсы болады.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» газеті, №15, 10 сәуір 2019 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті