Денсаулық күніне орай ауқымды іс-шаралар өтті

771

«Дүниежүзілік денсаулық күніне» орай Түркістан облысында денсаулық сақтау басқармасы мен  салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен ауқымды іс шаралар өтті.

Шара аясында веломарафон, денсаулық қалашығындағы дәрігердің қабылдауы, спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Отырар ауданынан веломарафон бастау алып, Түркістан қаласы, Есімхан алаңынан аяқталды. Веломарафонға Түркістан қаласы мен Отырар ауданының белсенді азаматтары, басқарма қызметкерлері, спортшылар және жастардан құралған 120 адам  қатысты. Марафонда жеңіске жетіп, жүлделі орындардан көрінген қатысушыларға ақшалай сертификат берілді.

Спорттық іс-шараның мақсаты: өмір бойы салауатты өмір салтын ұстануға мақсат қою арқылы жеке бастың денсаулығын сақтау мен нығайту, адамдарға өзі және отбасының пайдасы үшін таңдау жасау мен шешім қабылдауға көмектесу, денсаулықты сақтау мәселесі жөнінде халықты, жалпы тұрғындарды ақпараттандыруды арттыру.

Сондай-ақ «Денсаулық қалашығында» медициналық жолдамасыз-ақ дәрігерлерге қаралып, диагностикалық тексерулерден өтіп, тегін экспресс-анализдер тапсыруға мүмкіндік болды. Жалпы алғанда дәрігерлер 650 азаматты қабылдап,  450 адам экспресс анализ тапсырған.

 2019 жылы Түркістан облысы бойынша денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға медициналық сақтандыру қоры тарапынан 71 550 млрд теңге бөлінді. Оның 27 млрд тенгеден астамы емханалық-амбулаторлық көмекке жұмсалып, профилактикалық іс-шараларға басымдық берілмек. Жалпы, саланы қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 11,1 пайызға артты.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындайтын 73 медицина ұйымының 34 – жеке меншік. Бұл Медициналық сақтандыру қорының дерекқорына Түркістан облысы бойынша енген 73 медицина ұйымының 46 пайызы.