Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 806 мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапқа тартылған

296

 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы Болат Төкежанов қызметтік іссапармен Түркістан облысына келді. Жауапты хатшы денсаулық сақтау саласының жауаптыларын жинап, саладағы жемқорлықты жою, оның алдын алуға қатысты отырыс өткізді.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің лауазымды қызметкерлерінің арасында биыл жаңа коррупциялық фактілердің тіркелуі жиынды өткізуге себеп болды.
Өңірде халық санының көптігі, әлеуметтік мәселелердің артуы жемқорлық қауіп қатерге әсер етеді.

Отырыста жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған коллегиялар, қоғам белсенділерінің көмегімен анықталған заңбұзушылықтар, тұрғындар арасында жүргізілген насихат жұмыстары мен БАҚ-та жарық көрген материалдар талқыланды.

«2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 806 мемлекеттік қызметкер заң бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың басым бөлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінде жұмыс істейді. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күресті, жемқорлыққа қарсы мониторингті күшейтіп, нәтижесін онлайн-режимда бақылау қажет. Бұған қоса, жемқорлықтың алдын алуда қызметтік этика мен мемлекеттік қызметтің тәртібін сақтау да маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн», — деді Болат Төкежанов.

Жиынға Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің департамент басшылары, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы аудандық басқарма басшылары, ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбаасры қатысты.