Бұл туралы видео — сұхбатты Фейсбуктегі тікелей эфирде қоғам белсендісі Айгүл Орынбек жариялады. Ол ҚР Бас Прокурор Ғизат Нұрдаулетовтен «Үш қызды мемлекет бақылауына алуыңызды сұраймын» деп жазған.
Қоғам белсендісі 3 қыздың туған анасын тапқанын айтады. Түрін көрсетпеген келіншек басынан өткен оқиғаны жасырмай-жаппай бәрін баяндап берді.
«Менің есімім — Жұлдыз. 2002 жылы тұрмыс құрдық, әу баста бәрі де жақсы болды. 3 қыз дүниеге келді. Қиындықтар 2005 жылы басталды. Күйеуім жұмыс істемегеннен кейін, дінге кіріп кетті. Мен де кірдім ол дінге. «Менің дінімде жүресің, ағаларыңмен, ешкіммен араласпайсың» деп талап қойды. Оларда әйелдерін көрсетпейді екен. Бір бөлмеге қамап қоятын. Сосын мен жоқшылықтан құтылу үшін жұмысқа шығуға мәжбүр болдым. Сосын ол мені «жүргішсің» деп айыптайтын болды. Маған нешетүрлі жаман сөздер айтатын. Жанжал шығарып, соққыға жығатын. Мені де қыздарды да ұрып-соғатын. Жұмыстан үйге келсем еденде қан жатыр. Кішкентай қызымды мұрнынан ұрғанын үлкен қызым айтты. Неге ұрдың десем, бұзықтық жасады дейтін. Әр жұмада үйге сақалдылар жиналып, бізді қыздарыммен қамап қоятын. Бауырларыңмен араласпайсың деді. Ол кезде пәтер жалдап тұрдық»,- деді видеода өзін қыздардың анасымын деп таныстырған келіншек.
“Қыздарыңызды неге тастап кеттіңіз?” деген сұраққа:
«Мен қыздарды тастап кеткен жоқпын. Мені үйден қуып шықты. Қоқан — лоққы жасап қорқытатын. Айдалаға апарып, басыма тапанша тақап «өлтіремін» деді. Қыздарымды алып қалды. Қыздарды аламын дегенімде бауырларыңды, туыстарыңды түгелдей атып өлтіремін деп қорқытты. Қыздарымды алып кетейін дегенімде «біздің жамағатта ұл болса береді, егер қыз болса бермейді, өзінде алып қалады. Егер арыз жазсаң, түп тұқияныңмен құртамын деді. Мен күйеуімнен, жамағаттан қорықтым. Қыздарды ұрлап кету туралы да ойымда болды. Бірақ мені әбден қорқытып тастады», — деп жауап берді 3 қыздың туған анасы.
Ал өзін 3 қыздың туған анасының ағасымын деп таныстырған азамат: «Қыздардың осындай жағдайға жеткеніне әкесі кінәлі. Екеуін қайта татуластырып, жарасып кетсе дедім. Көп нәрсені кеш естідім. Болған жағдайды естігенде өзімді қоярға жер таппадым. Әйелім қашып кетті деп полицияға арыз беріп, тіркеген… Қарындасымды қолыма алдым. Емдеттік, психологқа қараттым. Қазір ешқандай жамағатта емес» деді.
Естеріңізге сала кетсек, Жетісайда өгей шешесінен қорлық көрген 3 апалы-сіңлілі қыздар туралы ақпарат тарап кеткен болатын.