Өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Төлеби ауданында семинар өтті. Мемлекет тарапынан қолдаудың арқасында ұсақ шаруалар бірігіп, ауқымды жобаны жүзеге асыруға кіріскен.
Бүгінде жылына 1 мың тонна құс етін өндіретін кооперативтің жұмысын жүйеге қоюда күрделіктер жеткілікті болғанын шаруа басшысы жасырмайды.
Дина Сүттібаева, «Леңгір құс» АШӨК төрайымы: «Жұмысты бастау оңай болмады. Ауылдағы шаруашылықтар бірігіп, өндірістік кооператив аштық. Кәсібімізді дөңгелету үшін кепілдікке бар мүлігімізді қойып, несие алдық. Күрделіктер өнімді өткізу, жеммен қамтуда қиындықтар болды. Қазір ол біртіндеп шешімін тауып келеді. Кәсіпкерлерге айтарым, шаруашылықты ашпас бұрын, сол жерге электр жарығы, су келген бе соны анықтап алыңыздар».
Созақтық Бақыт Бектасов үшін құс шаруашылығы таңсық. Мал баққан кәсіпкер Теріскейдегі нарықты талдап, құс етіне сұраныстың жоғары екенін анықтапты: «Жылқы, қойым бар. Енді құспен шаруашылығымен де айналыспақпын. Семинардың маңыздылығы бір — бірімізбен араласамыз, шаруашылықта туындайтын мәселелерді шешуде тәжірибе алмасамыз. Мен мәселен, алдын өнімді өткізуде қиындық көрдім. Жергілікті әкімдіктер нақты көмек көрсетсе, біз аянбай еңбек етеміз. Созақта құс шаруашылығы дамымаған. Сондықтан осы семинарда үйренгеніммен, ғаламторда жинаған мәліметтерге сүйеніп кәсіпті бастамақпыз».
Аудандық кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің өкілдері кәсібін ашуға ниет білдірген жерлестерімізге қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар және жергілікті билік тарапынан көрсетілетін қолдаудан хабардар етті.
Қанай Әшірбеков, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының Төлеби аудандындағы филиалдың басшысы: «Азық-түлікпен қамту жағынан біз артта қалып келеміз. Сондықтан да білек сыбана жұмысқа кірісуіміз керек. Қиындықтар тоқтатпау керек. Өзіміздің шикізаттан тереңдетіп өңдеу, отандық өнімдеріміздің қатарын толықтыруымыз қажет».
Кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыс жалғаспақ. Шаруалардың өтініші бойынша оқу семинарлары өңіріміздің үлгілі шаруашылықтарында ұйымдастырылады.
Шынар Оразова