Көксәйек ауылдық округіндегі 4 елдімекеннің жұртшылығы Ұлыстың Ұлы күні Наурызды таудың бөктерінде атап өтуді ұйғарыпты.
Кең байтақ туған жердің керемет табиғаты аясында жас төлебиліктер ән шырқап, би биледі. Арқа-жарқа болған ақ жаулықты аналар қыстан қысылмай шуақты күнге жеткендеріне тәубе етті.
Күмісай Нұрмаханбетова: «Жаңа Жылда баршаларыңызға денсаулық, бақыт тілеймін. Ауызбіршілігіміз нығайып, еліміз көркейе берсін. Балаларымыз биіктен көрісін»Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын».
Көкорай көктемнің шуақты күнінде жастардың ұйымдастырған Наурыз мейрамында кішкентайлар алтыбақан тепсе, егде жастағылар амандық сұрасып дастархан басында шүйіркелесіп жатты. Қазақтың пейілі даласындай кең. Ерте қамданып, наурыз көжелерін әзірлеген әйелдер қауымы мерекелік дәмді көпшілікке үлестірді.
Перизат, 1974 жылы мектепті бітірген түлек: «Біз дәстүр бойынша биыл дастархан жайдық. Наурыз көжесін әзірледік. Соғымнан етті қайнатып, түрлі дақылдар, құрт, айранымызды араластырдық. Тойымды. Өміріміз де осындай Наурыз көжесі сияқты берекелі болсын. Жерлестеріме ашық аспан тілеймін».
Наурыз мейрамы аясында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жеткіншектер жекпе-жекте өзара ептілігін сынасты. Жастар жылынан үміті көп аға буын өкілдері Елбасының рухани жаңғыру мақаласында айтылған ұлттық құндылықтар мен ата бабамыздан келе жатқан асыл мұра-салт дәстүрімізді ұлықтау қасиетті парызымыз дейді.
Бақытқали Төрежаппаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Жастар жылы жастармен бірге демеушілердің қолдауы арқасында мына жер учаскесінде спорт алаңшасын саламыз. Аймақты көгалдандырып, немерелерімізбен бірге спортпен шұғылданамыз».
Тап осы күні Көксәйек ауылы тұрғындарының өтініші бойынша ауылдың орталығында бастауыш сынып оқушыларына арналған мектептің құрылысы бастауын алды. Ғимарат келер оқу жылында пайдалануға тапсырылмақ. Жылдан жылға жағдайы жақсарып келе жатқан ауылдағы ағайынның болашаққа деген сенімі де зор.
Айтжан Ққабылбеков, Төлеби ауданы Көксәйек ауылдық округінің әкімі: «Ауылдық округітегі 4 елдімекенде 15 мыңнан астам халық тұрады. Табиғи газ, таза ауыз сумен қамтылған. Жолдарды да кезең-кезеңімен жөндеп жатырмыз. Басты айналысатын кәсібіміз мал мен егін шаруашылығы. Құдай қаласа, жоспарларымыз жүзеге асып, мол өнім аламыз деген ойдамыз».
Наурыз мейрамын тойлауға келген халық бір-біріне ізгі тілектерін ақтарып, жастардың белсенділіктеріне риза болысты.
Шынар Оразова