Көпбалалы ананы әкімі іздеп үйіне келді

327

Шардара ауданы Сүткент ауылдық округінің әкімі Айдос Олжас өзінің жеке қабылдауына келе алмай жүрген көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі Қалдыгүл Тайлақованың үйіне өзі іздеп келді.

Әкім қабылдауына талай уақыттан бері жете алмай жүрген жанның жағдайын біліп, мұқтаждарын сұрады. Әкімнің бұл ісі көпшілікті сүйсінтті. Бұл туралы фейсбук әлеуметтік желісіндегі Шардара аудандық әкімдігінің ресми парақшасында жазылды.

Әлеуметтік желілерде «Әкіммін деп шіреніп тұрған жоқ», «Қарапайымдылығымен тектілігін таныта білді», «Сүткент əкімге енді жарыды», «Күнді шуақты еткен ақпарат» деген пікірлер қалдырылды.

Әртүрлі себептермен әкім қабылдауына жете алмай, мүмкіндігі болмай жүрген қарттар мен көпбалалы аналардың мұң-мұқтаждарын үйіне іздеп барып тыңдап, қолынан келгенше көмек көрсету жас ауыл әкімінің үйреншікті әдеті көрінеді. Түркістан облысындағы ең жас әкім Айдос Олжастың бұл қызметке тағайындалғанын мамыр айында енді бір жыл болмақ.

Жанар Есенбекова