ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Шымкент қаласында 2 сәуірде клизмадан кейін күйіп қалған балаға байланысты тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Кішкентайдың ата-анасынан шағым түскен. Жоспардан тыс тексеріс барысында мынадай кемшіліктер анықталды: тиісті рұқсаты жоқ инфекционист-дәрігер клиникалық қызмет көрсеткен, процедураны тәжірибесіз медбике жасағандықтан, клизма жасау тәртібі бұзылған.

Ал аурухананың жауапты қызметкерлері медициналық процедурасының дұрыс атқарылуын қадағаламаған. Аталған факті бойынша 2 медбике жұмыстан шығарылды, бас медбике қызметінен алынды, бас дәрігердің орынбасары мен емдеуші дәрігерге қатаң сөгіс жарияланды.

Бұдан бөлек, Шымкенттегі қалалық инфекциялық аурухананың бас дәрігеріне әкімшілік жаза ретінде 45 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, тексерістің қорытыдысы бойынша материалдар, процессуалдық шешім шығару үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Бүгінде 2018 жылы туған бала 03.04.19. ж. санитарлық авиациа көмегімен Шымкенттегі инфекциялық ауруханадан Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді. Қазір баланың жағдайы ауыр емес, тұрақты. Оң жақ жамбасы мен тікішегінің күйгені анықталды.

Балаға ректоскопия жасау кезінде тікішектің шырышты қабатының күйгені байқалады. Бірақ, қансырау мен некроз белгілері жоқ. Тікішектің басқа бөлігі өзгермеген. Бала консервативті ем қабылдауда. Мамандардың айтуынша, науқастың емінде оң нәтиже байқалады. Баланың жағдайы Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.