Ұл да қыз да – тең перзент

859

Тағдыр айдарының кейіпкерлері өз басынан өткен өмір өзгеге сабақ болсын деген ниетпен хат жолдайды. Сандуғаштың хаты да осы ойды аңғартады. Газетіміздің тұрақты оқырманы өз ата-анасының қателігі біреуге болмасын басқа біреуге ой салар деген ниетте. Сондықтан да қолына қалам алып, оқиғасымен бөлісуді жөн көрген. Әңгімені кейіпкердің аузынан естиік. 

Сәлеметсіздер ме? Менің есімім Сандуғаш. Шымкент қаласының тұрғынымын. Жасым 33-те. Көпбалалы отбасынан шықтым. Ата-анамыздан жетеуміз. Оның бесеуі қыз екеуі ұл. Төрт қыздан кейін бесінші болып інім дүниеге келді. Одан кейін бір сіңлім бар. Және кенжесі де ініміз. Мен үйдің төртіншісімін. Ес білгелі білетінім ата-анамның тек екі ұлына ғана асқан мейіріммен қарауы. Солардың алдына барын төкті. Ең жақсыны соларға кигізіп, ең дәмдіні соларға жегізді. Біз қыздары оған ренжіген жоқпыз. Өйткені кейін ата-анамызға қарайтын солар екенін білдік.
Шынымды айтсам екі ініме көрсеткен ата-анам тарапынан мейірімді біз көре алған жоқпыз. Қыздар ата-анамызға ауыртпашылық салмау үшін сабағымызды өте жақсы оқып, бір-біріміздің киімдерімізді киіп өстік. Әпкем екеуіміз анамыздың орнына базарға да шығамыз. Үй тазалау, тамақ жасау, әке-шешеміздің кірін жуып, оларды демалдыру бәрін атқардық. «Әкеміз бен анамыз шаршап қалмасын» деп қолымыздан келгенше оларға көмекші болдық. Бізге, қыздарына ұлдарына қарағандай қарамады деп біреуіміз де шағым айтқан емеспіз. Бірақ шын мәнісінде қыздарының да ата-ананың мейіріміне зәру болғанын жасырмаймын. Әке-шешеміздің көзі тек екі ұлын көрді.
Егер шындығын айтсам, бізді басқадан асырап алған сияқты еді. Тек ең кенже сіңлімізге кенжесі болғандықтан бізбен салыстырғанда сәл басқашалау қарайтын. Ата-анам екі інімді оқытты-тоқытты. Бар жылы жұмсағын алдына тосты. Олар ауырса, бірге қиналды. Екі інімнің көңіл күйі болмаса, бүкіл отбасының көңіл күйі болмайтын.
Ал қыздардың бірінің көңіл күйінің жоқтығын байқау былай тұрсын, тіпті ауырып жатқанымызды да байқамайтын. Соңында ауырсақ та оларға айтпаймыз. Бір-бірімізді сүйеп, өзімізге өзіміз қараймыз. Қыздар өзіміз оқуымызды жақсы оқып, бір-бір маман иегері болдық.
Анамыз біздің мектепте болатын ата-ана жиналысына да қатыспайтын. Біз қыздар қашан да екінші орында болдық. Бірінші кезекте тек ұлдарының жағдайын ойлады.
Мен бұл хатты жазбас едім. Егер сонша қараған ұлдары қазір ата-анамызды бағып отырса. Күйіп кететінім соншалық, алатын қатындарын алды да екеуі де жоқ болды. Біреуі Алматыда, ендібірі Қарағандыда. Жағдайларын сұрап хабарласулары да сирек. Егер қаржылай бірдеңе керек болса, әке-шешеміздің атына несие алу ойлары болса, шақырып келтіре алмайтын екеуі бірден жүгіріп келеді. Қазір әке-шешесі зейнетақыларын солардың кредиттерін төлеумен құртып отыр.
Ата-ана бізге керек. Сондықтан да қыздары қараймыз. Біз қарағанымызды міндет қылмаймыз. Оларды қартайған шағында бағып-қағу балаларының міндеті. Екеуі онсыз да кезінде қыздарын ойламағандарына жандары ауырады. Қайсымыз барсақ та үнемі кемсеңдеп отырады. Кешірім сұрайды.
Хатты жазудағы басты мақсатым – кезіндегі әкем мен анамның ұлдарына деген махаббаты сияқты сезімді айналамнан жиі байқаймын. Тіпті, қыз туса, «қыз тудың» деп ұрсатындар да бар жас келіндерге. Қыз немес ұл туу сол адамның қолындағы дүние емес қой. Қыз деген қашан да ата-анаға жанашыр болып келеді. Бұл сөзіме ешкім дау айта алмайтыны анық. Сөзіме дәлел ретінде айналамнан қаншама танысымды көріп-біліп жүрмін өзімізден басқа.
Ұлдардың бәріне топырақ шашпаймын. Өйткені шынымен де еркек сияқты өз міндетін атқарып жүрген жігіттер де бар. Бірақ аз. Бір шүйкебастың етегінен ұстап әке-шешесін ұмытып кеткендер қаншама. Менің екі інім сияқты. Мысалы мен ата-енемнің қолында тұрамын. Жолдасым ақылды адам. Өз әке-шешесіне қарағандай менің де ата-анама қарап тұрады. Сондықтан да адамдар менің хатым біреуге болмасын біреуге ой салары анық. Барлық балаға бірдей қараңыз. Мейлі ол ұл болсын қыз болсын. Ата-ананың ұрпақ алдында борышы бірдей. Қазір ұлына басқаша қызына басқаша қарайтын адамдарды жиі көремін. Бұл біздің шымкенттіктердің қанында бар ұғым сияқты. Кейін менің әке-шешем сияқты қыздарының алдында өздерін кінәлі санап жүргілеріңіз келмесе ұрпақ алдындағы міндеттеріңізді дұрыс атқарыңыздар. Қыздардың барлығы да біз сияқты түсінігі мол бола бермейтіні анық. Сондықтан ойланыңыздар.

МАМАН ПІКІРІ

Қаракөз Момбаева, практик-психолог:

«Сәлеметсіз бе Сандуғаш! Әрбір ата-ана үміт-арманын, бақытын, қуанышын өзі өмірге әкелген перзенттерінен іздейді. Сондықтан олардың бар тілеуі балаларына бағышталған. Ұлды мал тауып, отбасын асырауға, қызды ас пісіріп, үй ішінің ішкі жұмыстарына үйреткен. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Ал, қыз баласын келешекте өз отбасы болғанда әдепті, ибалы, инабатты, жағымды мінезге бай, сабырлы, салиқалы, ана болуын көздеп қатаң тәрбиелеген. Ал мұндай тәрбиенің қыз болашағы үшін маңызы зор. Қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл-желпі қарауға мүлдем болмайды. Қыз баланың бойына кішкентайынан сыпайылық, мейірбандылық, шыдамдылық, еңбекқорлық сияқты қасиеттер дарыған болуы тиіс.
Сандуғаш, Сіздің және әпке-сіңлілеріңіздің мектепте сабақты жақсы оқып, үй тазалап, тамақ жасап, бір-бірлеріңіздің киімдеріңізді киіп қанағатшыл болып, әке-шешенің жастайынан қамын ойлап, оларды тынықтырып, анаңыздың орнына базарға да барып еңбек еткендеріңіз – осы қанымызға сіңген, теңдесі жоқ ұлттық тәрбиенің жемісі, ата-анаңыздың жеңісі! Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сіздер өз іс-әрекеттеріңізбен өз ұрпағыңызды дұрыс тәрбиелеп отырсыздар.
Баласын қалай жақсы көретінін дұрыс білдіру кез келген ата-ана қолынан келе бермейді. Ал қазақ отбасы балаға мейірімін төгіп, сүйіспеншілік білдіруге келгенде тіптен сараң. Кей ата-ана балаларының біреуін жақсы киіндіріп қояды да, екіншісіне назар аудармайды. Бір ата-ана баласының тамағы тоқ болсын деп қалтасына ақша салып қоюмен шектеледі. Біреулері өте қатал, негізсіз айтқанын орындатады. Ата-аналардың отбасы тәрбиесінде жиі кездесіп отыратын қателіктерінің ең елеулісі – ұл-қыздарына бірдей қарамай, ұлдарын беталды естен тана жақсы көруі. Отбасында балаға көңіл бөліп, мейірім, сүйіспеншілік көрсетпеу баланың даму қарқынын бәсеңдетеді, эмоциялық сезімін кемітеді, әр нәрсеге әуесқойлығы мен қызығушылығын тежейді, бұл оның жеке адам ретінде қалыптасуы мен сана-сезіміне әсер етеді. Егер бала мейірім мен сүйіспеншілікте өссе, ол әлемнен махаббат табуды үйренеді.
Ал қыз баланың жаратылыс ерекшеліктеріне, нәзік жан, ол өкпешіл болып келеді. Тез ренжіп қалады. Қыз баласы сезімталдығынан ата-ана мейіріміне, олардың риясыз сүйіспеншілігіне, отбасында өздерін түсіне білу жағдайларына, ата-анасының өнегелі ықпалына аса мұқтаж болады.
Кейбір қазақ отбасыларында, қыздарын жат жұрттық санап, ұлдарының амандығын, олардың үрім-бұтақты, атақ-абыройлы, бай, бақытты болуын ерекше көп тілейді. Қартайып, әл-ауқаты кеткенде, ауру-сырқау келгенде, өз шаңырағында ұлдың қайырын көріп, мерейіміз өссе екен деп армандайды.
Алайда, перзенттік борышын түсінбеген, кейде «ата-анасын қыздың қолына қаратып», тастап кететін ұлдар бұрын да болған, ал қазір тіпті көбейіп кетті. Қыз баласы әрдайым ата-анаға жанашыр. Солай десек те, кей отбасыларда ұзатылған қыздары төркінге жиі қатынап, бар мәселеге араласып, ата-анамызға дұрыс жағдай жасамайсыңдар деп дау-дамай тудырып, барлық отбасы мүшелерін уайымға салып қояды. Бұл жағдайда ұлдар не істейді?! Өзіңіз айтқандай «алатын қатындарын алды да екеуі де құрыды» болады. Адам өмірге жақсы немесе жаман қасиетті өзімен бірге ала келмейді. Жаман болсын, жақсы болсын, алуан түрлі қасиеттер, мінез-құлық сипаттары, әдет-дағдылар жақсы-жаман тәрбие арқылы, ата-ананың, отбасы мен үлкендердің, айнала ортаның әсері арқылы баланың бойына сіңеді, болмысына айналады. Бұл жағынан отбасының, ата-ананың рөлі өте зор».

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №11, 13 наурыз 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті