Қазақстан мектептері 3 тілде сабақ беруге дайын емес. Бұл туралы Шымкент қаласы №82 жалпы орта мектепте өткен «Үш тұғырлы тіл» тақырыбындағы семинарда айтылды.
Шаһардағы 30-ға жуық білім ошақтарының мұғалімдерінің басын қосқан жиында ағылшын тілінде арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Тәжірибе алмасу мақсатында келген 130-ға жуық ұстаз физика, математика, информатика және биология сынды пәндердің шет тілде оқытулы әдістерін бақылады. Мектеп басшысы 95 мұғалім сабақ берсе, оның 3-уі ғана мемлекеттік бағдарлама аясында арнайы курстан өткенін айтады.
Нұрбол Шырынбеков, №82 Қ. Қасымұлы атындағы жалпы орта мектебінің директоры: «Қазіргі таңда барлық мұғалімді ағылшын тілінде үйретуге мүмкіндік жоқ. Құдай қаласа, бәрі болады, бірден болмайды ғой. Ағылшын тілі қазір керек болып тұр. Сол үшін олар жазғы демалыста арнайы курстарға қатысатын болады. Өйткені заман талабы сол. Ол тек физика, информатика, химия пәндеріне ғана емес, барлық пәнге қажет».
Айя Мүтәлі