Мешітте тігін курсы ашылмақ

834

Шымкенттегі орталық мешіт игі іске мұрындық болып отыр. «Үммет» қайырымдылық қоры мешітке 15 тігін машинасын сыйға тартты. Алдағы уақытта мұнда нәзікжандыларға тігіншіліктің қыр-сырын үйрететін тігін курсы ұйымдастырылмақ. Ең бастысы мұнда тігілген киімдер мұқтаж жандарға қайырымдылық ретінде тегін таратылатын болады.

Тігіншілікті тегін үйрететін курста білікті мамандар келіп, сабақ өтетін болады. Бүгінде олармен келіссөздер жүріп жатыр. Мұнда діни білім алатындардан бөлек, өзге де ниет білдірушілерге есік ашық.

Мейірбек Сәрсенбаев

Мейірбек Сәрсенбаев, Шымкент қалалық орталық мешітінің наиб-имамы: «Үммет» қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен тігін машиналары мешітімізге сыйлық ретінде беріліп отыр. Мешітіміздің жанында әйелдер секторы бар. Діни білім үйрену мақсатында 200-ге жуық нәзікжандылар дәріс алып жатыр. Солардың діни сауатын арттырудан бөлек алдағы уақытта тігін машиналарымен тігуді үйренбек».

Бүгінде тігін машиналары орнатылып, дайын тұр. Киімді кесіп, пішуді үйрететін сабақ рамазан айынан кейін басталмақ. Алдыңғы лекте 30 шәкіртті үйретіп, сертификат табыстау жоспарланған.

Балжан Досжанова, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі әйелдер бөлімінің жетекшісі: «Аналарымызға, қыз келіншектерімізге, болашақта ана болатын қыздарымызға өте пайдалы деп есептейміз. Алғысымызды айтып, қуанышымызды білдіргіміз келеді. Мүнда тігілген заттарды жәрмеңке ұйымдастырып және қайырымдылық ретінде мұқтаж жандарға таратылады. Үйге қажетті заттар, төсек жаймаларын және әйелдер киімін тігуді үйренетін болады».

Тегін деген сөз архаизмге айналып кеткен шақта, Алланың ақ үйіндегілер қайырымы мол іске бастамашыл болып, көпке үлгі көрсетіп отыр. Ізгілік жолында қызмет етушілердің бұл сыйына мұндағы білім алушылар бек қуанышты. Әзірге бұл бастама тек Шымкент пен Алматыда қолға алынған.

Гүлжан Көшерова