Қорымдағы қордаланған қоқыстарды тазалайтын мекеме табылмай тұр

287

Шымкент қаласындағы қорымдардың тазалығына жауап беретін мекеме табылмай отыр. Оған себеп – мемлекеттік сатып алу конкурысының дер кезінде өткізілмеуі. Нәтижесінде шаһардағы мұсылман және христиан қорымдарында қоқыстар қордаланып қалған.Бұл келеңсіздікке қабірстанға зиярат етуге келгендердің реніші көбейген.

Шымкент қаласының аумағы ұлғайып, үш ауданнан 40 елді мекен қосылғалы қорымдардың да саны көбейген. Өкінішке қарай, сол мазарлардың санитарлық тазалығы сын көтермейді. Айтуларынша жол бойы қоқысқа толған, шөптер орылмаған, тіпті қол жуатын су таппайтынына ашынады жұрт. Одан қалса, күн жылына туыстарының басына келіп, зиярат ететіндердің саны артады. Сәуір айының соңында христиан зртаттарында еске алу күні өтеді. Бұл діни мерекеге шетелге қоныс аударғандардың туыстары да келеді.

Қала тұрғындарының бірі «Бұл жерде біздің туысымыз жерленген. Біз отбасымызбен жиі келеміз. Қабір басын өзіміз тазалаймыз, қоқыс өте көп. Күн ысығанда шөптер қурайды, өртеніп кетуі мүмкін. Анда – санда болса да тазалап тұрса жақсы болар еді» дейді.

Ташкент бағытындағы мына ескі қорымның қоршауы қирап, сауық құғандардың жиі келетін жеріне айналыпты. Ал жақын маңайдағы тас кесетін шеберханалардан шыққан шу тірі түгіл өлінің мазасын қашырады.

Шымкент қалалық Экономика,Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылар биылғы жылы қаладағы қорымдарды күтіп, ұстау үшін 88 млн. теңге бөлінгенін айтады. Бірақ мемлекетік сатып алу конкурсы кеш өтіп, жеңімпазы енді анықталады екен.

Өкініштісі – бұл жылда қайталанатын жағдай. Сол себепті алдағы уақытта қабірстанды күтіп, ұстау мәселесін мемілекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы өткізу жолдарын қарастырмақ. Шымкент қаласында 67 қорым бар. Биыл Тельман бөлімшесі мен Айнатас елді мекеніндегі екі мазарды қоршау үшін 14 млн. теңгеден аса қаражат қаралыпты.

Нұрлан Күдерұлы