Сәуір айының 19-21 күндері аралығында Шардара қаласында Ұлы Отан Соғысы жеңісінің 74 жылдығына арналған кикбоксингтен 2005-2006 және 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында «ШАРДАРА КУБОГЫ — 2019» жарысы өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Аудан әкімі орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы шағалалы Шардара төрінде кикбоксинг жарысы алғашқы рет ұйымдастырылып отырғанын, мұнымен қоса Шардаралық спортшылардың облыстық және республикалық жарыстарда айтарлықтай нәтижелерге жетіп жүргенін тілге тиек етіп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыстың бас төрешісі Майлыбаев Ержан Мұxтарұлы жарыстың өте үлкен дәрежеде ұйымдастырылғанын айтып , спорттың дамуына үлес қосып жүрген Түркістан облыстық №4 ОРМБЖСМ басшысы Қарсыбаев Арман Романұлына алғысын білдірді. Ашылу салтанаты барысында аудан әкімі орынбасары Бауыржан Қуанышбайұлы Аудан әкімі алғыс xатымен кикбоксингтен КСРО спорт шебері Қазыбек Нұрділдаұлын және кикбоксингтен ҚРХДСШ Ержан Мұxтарұлын марапаттады.
Үш күнге созылған дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылардың арасынан ең мықтылар ғана суырылып шықты. Рингтің ішінде қайнаған сайыста шардаралық 4 спортшы күміске қол жеткізді. 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында 42 келіде Жойлыбаев Б , 45 келіде Саттар А. 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында 45 келіде Мустафа Е, 48 келіде Аxмет Сардар сынды спортшылар ақтық сынға дейін сүрінбей жетті.