Шардаралық боксшы Роман Дияр Болгарияда топ жарды

Болгарияның Ботевград қаласынан қуанышты хабар келіп жетті. 1-5 сәуір күндері жалауын көтерген бокстан жасөспірімдер арасындағы А класты Халықаралық турнирде шардаралық ұлан Дияр Роман ақтық сынға шығып, күміс жүлдеге қол жеткізді.

80 келіден жоғары салмақта рингке шығып жүрген Дияр Арманұлы алғашқы кездесуін үндістандық Лоур Абхиманиямен өткізіп, нокаутпен жеңген болатын. Келесі қарсыласы ринг иесі, болгариялық Петр Стояновты да қуалап жүріп сабады.

Жергілікті жанкүйерлердің жаппай қолдауына қарамастан болгар боксшысы қазақстандық ұланға еш қайрат көрсете алмады. Жерлесіміз айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Ақтық сында Дияр Роман македониялық Аземи Ардианмен қолғап түйістірді. Екі боксшы да өз мықтылықтарын көрсетіп, жеңімпаз атану үшін барын салып бақты. Жерлесіміз өте жақсы өнер көрсеткенімен де төреші сәл ғана ұпай артықшылығымен қарсыласының қолын көтерді. Алайда, Диярдың бұл күмісі біздер үшін алтынға парапар жеңіс болғанын мақтанып айтқымыз келеді.

Еуропаның төрінде ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Дияр Арманұлы Шардара қаласындағы №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 10 сыныбында оқиды. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап білікті бапкер Нұрлан Вайисовтың баптауында жаттығып келе жатқан жас боксшы елімізде бірнеше биіктерді бағындырып үлгерді.

Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының мүшесі ретінде ел намысын қорғап жүрген Дияр Романның бұл жеңісі Олимпиада шыңын бағындыруға жасалған алғашқы қадамдары деп сенеміз.