«Судың да сұрауы бар». Сіз қара судың қадірін білесіз бе? Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры су киесін сезінген құдықшының өмірін сахналады. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың повесі желісімен қойылған спектакльді тамашалауға келгендердің қарасы көп болды.
Қойылымда ата кәсіпті нәсіп қылған Еңсеп құдықшы арқылы қара судың қадірі дәріптеледі. Театр әртістері еңбек иесінің бір жұтым су үшін өмірінің көбі жер астында өткендігін көрсетті. Су іздеп күн сайын шыңырауға түскен құдықшының қорқынышын сезіндіру үшін барын салды.
Нұрнияз Мұханов, Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының директоры: «Бұл драманың ары қарай өрбуіндегі психология, адамның жан дүниесі, құдықшының жан дүниесі өте жақсы көрсетіледі. Шыңырау деген сөз тек құдық емес. Шыңырау — терең деген сөз. Оның ең таязы 70 метр болады. Ал тереңі 150 қадамға дейін барады. Әбекеңнің өзі бір түйір ғана повесть жазған. Мұнда да судың қадірін насихаттайды».
Жеті атасынан бері құдық қазып күнелткен Еңсептің өмірі құдықшының адал еңбегін аңғартады. Үстірт үстінде шыңырау қазу, табиғаттың терең сырын меңгерген жанға ғана тән қасиет екенін ұғындырады. Көрермендер де көзбен көрген дүниенің әсерлі болатынан айтады.
Назарбек Үсіпахметов, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры: «Бұл шығарманы кітаптан оқығанда бір бөлек, ал сахнада көру мүлдем бөлек. Адам кітаптан түсінбегенін көріп түсіну үшін әдемі жасалған дүние. Әртістердің бәрі талантты. Күнгейдің төріне Шымкент жеріне келген мұндай қойылым жергілікті әртістерге таптырмас тәжірибе».
Еліміздегі ең жас театрдың бірі 16-маусымын шоқтығы биік «Шыңыраумен» осылай ашты. Тың туындының режиссері Саха Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Сергей Потапов. Айта кетейік, театр ұжымы алдағы 4 күн бойына шымкенттіктерге қойылым ұсынады.
Жанерке Хумар