Шымкентте «Бизнес-супермаркет» ашылды

228

Көптен бері көптің көңілін күпті еткен айтулы күн де келіп жетті. Кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік меңгеруге талпынған жастың да, жасамыстың да кәдесіне жарайтын орталықтың бүгін тұсауы кесілді.

Миллионер мегаполистегі «Қайнар» бизнес орталығында елімізде теңдесі жоқ бірегей екі жоба іске қосылды. Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсететін «Бизнес-Супермаркет» және электронды коммерцияға көмек қолын созатын «E-Commerce Center» орталығының лентасы қиылды.

Орталықтың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов қатысты.

“Аталған екі орталықта кәсіпкерлікті дамытуда заманауи қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл әкімдік, «Қазпошта» АҚ, «Shymkent» ӘӘК бірлескен жоба. Мұның аясында «Мен кәсіпкер боламын» атты әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытатын жоба іске қосылады. Оған бюджеттен биылға 600 млн. теңге қарастырылды”, – деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Бизнестің биігін бағындырғысы келетін жастар мен нәзікжандыларға аталған орталықтың көрсетер көмегі көп болмақ.