Шымкенттік туристер Дубайдан елге қайта алмай отыр

238
Grekomania

Өзге елде тентіреп қалды. «Oтырар» медиахолдингінің редакциясына Дубайдан үйлеріне жете алмай отырған шымкенттік бір топ тұрғын хабарласты. Әрі-сәрі күйде жүргендеріне бірнеше күн болыпты. Ешқандай себепсіз рейстен түсірілген 80 жолаушының мәселесі қашан шешілмек?

Шымкенттік туристер Дубай әуежайында қалып қойды. Олардың сөзінше, үйлеріне жеткізуі тиіс болған ұшақ рейсінен 80-ге тарта адамды алып қалған. Бүгінде не істерлерін білмей дал. Бізге туристердің бірі Жандәулет Тілеубердиевпен байланыс орнату мүмкіндігі туды. Отбасымен бірге Дубайдан қайта алмай жатқан ол мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді.

Жандәулет Тілеубердиев, турист: «Біз Дубайдан Шымкентке ұшып шығуымыз керек болған. Тіркеуден өтіп, ұшаққа отырдық. Алайда, ұшып кетуімізге 5-10 минут қалған сәтте ұшқыш Шымкент әуежайы бізді қабылдаудан бас тартып жатқандығын хабарлады. Солай ұшақтан түсіріп тастады. Одан кейін 6-7 сағат бойы әуежайда отырдық. Одан бөлек, біз отырған ұшақтың бортының тек жартысында жолаушылар болған еді».

7 сағат өткеннен кейін шымкенттіктерге қонақ үй мен ас-су берілген. Елге жете алмай қалған жолаушылардың арасында кішкентай сәбилі ата-аналар да бар. Алайда туристерді қонақүйге орналастырған авиакомпания өкілдері балаға қажет болатын жөргек, қосымша тамақты әперуден бас тартыпты.

Жандәулет Тілеубердиев, турист: «Рейсте 80-ге тарта адам болды. Оның 30 пайызының кішкентай балалары бар. Эмират аумағында біреу бөпесі үшін қажет болған жөргек пен тамақты алуға мүмкіндігі болса, келесісінің ақшасы таусылған. Ал флайдубай өкілдері болса, бұл сендердің проблемаларың деп отыр. Шындап келгенде, көпшілігінің балаларға қажетті зат сатып алатын ақшасы жоқ. Компания болса, тек үлкендерді ғана қонақ үй мен тамақпен қамтамасыз етіп, балаларыңды өздерің бірдеме қылыңдар деп отыр».

Шымкенттіктер үйлеріне өз күштерімен де жетуге тырысып баққан. Алайда ең арзан билеттің құны көптің қалтасы көтере бермейтін болып шығыпты. Туристерге Қырғызстан мен Өзбекстан рейстерін ұсынып отыр. Ал ол жақтан бері қарай Шымкентке өздерінің қаржыларына келу керек. ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың хабарлауы бойынша біздің Дубайдағы елшілеріміз осы істі ерекше назарға алып отыр.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі: «Дәл қазіргі уақытта ешқандай шағым жоқ. Fly Dubai авиакомпаниясының мәліметінше, барлық жолаушылар қонақ үйге орналастырылып, ас-сумен қамтамасыз етілген. Әуе компаниясы Алматы, Бішкек және Ташкент қалалары арқылы ұшып келуді ұсынып отыр. Болжам бойынша барлық жолаушылар бүгін-ертең Қазақстанға ұшып шығулары тиіс».

Авиакомпанияның Шымкенттегі өкілдері журналистерге мәлімет беруден бас тартып отыр. Айтуларынша, қолдарында нақты мәлімет жоқ. Авиатасымалдаушының басшылығы Дубайға ресми хат жолдап үлгеріпті. Ал біз өз тарапымыздан осы жағдайды бақылауда ұстайтын боламыз.

Меруерт Ахан