Он саусағынан өнер тамған қылқалам шебері Бақтыбек Талқанбаевтың сызған суреттері адам жанын емдейді. Арт-терапияның өкілі. Қазір Шымкентте көрмесі өтіп жатыр. Көрмесіне арнайы барып, өзімен әңгімелесіп, суреттерінің қыр-сырын білдік.
Бақтыбек Талқанбаев – Төлебидің тумасы. Бүгінде жасы жетпістің желкеніне жеткен суретші өзі таңдаған өнер жолына бала күнінен әуес болған. Бұл өнер оған ана құрсағынан дарығанына сенімді.
– Анам алаша, кілем тоқыған адам. Анамның анасы да тоқымашы болған екен. Бала күнімнен әжемнің тәрбиесін көріп, өстім. Сурет салуға әуес болдым. Ес білгелі қолыма қылқалам ұстап осы өнердің соңына түстім. Мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы суретшілер училищесіне оқуға түстім. 3-курстан бастап Мәскеуге оқуға аттанып, сол жақта сәулет мамандығына оқыдым. Содан өнердегі жолым басталды.
Қылқалам шеберінің суреттері адам жанын емдейді екен. Бірақ, елімізде бұған қызығушылық танытатындар аз. Сондықтан да туындыларын шетелдіктердің назарына ұсынады.
– 2011 жылы Швейцарияда дүниежүзілік Арт терапияның конгресіне қатыстым. Сол кезде біреу музыкамен жиналған халықты таң қалдыруға тырысса, енді бірі билеп, тағы бірі өлең оқып адамдарға әсер етіп жатты. Театр өнерімен де жұрт назарын өзіне аударды. Мен осы суреттерім арқылы әсер еткім келді. Сол жерде екі сағат бойына келушілерге туындыларымды көрсетіп, оны түсіндіруге тырыс-тым. Еңбегім еш кетпеді. Өнеріме тәнті болғандар көп. Сондықтан да екі сағаттан кейін маған арнайы куәлік беріп «сізді Швейцарияның университетіне профессор етіп қабылдадық» деді. Осылайша менің ғылымдағы жолым Швейцариядан басталды. Содан кейін Париж қаласында болдым. Қазіргі таңда көптеген шәкіртім Ресейде осы Арт терапия саласы бойынша сабақ беріп жүр. Ал енді өз еліміздің барлық қаласында шәкірттерім болғанымен тым көп емес. Осыған қарап біздің халық осы өнер түрін өте баяу қабылдайтынын ұқтым. Бұл әдістеменің негізгі түбі адам өзін-өзі ояту, өзін ашу.
Бақтыбек Талқанбаевтың көрмесін аралап жүріп шыны керек, ештеңе түсінбедім. Менің назарым тек әдемі бояулармен әсемделген суреттерге түсті. Мұндағы туындыларды әркім өзінше іштей бір бейнеге ұқсатары анық. Ал авторды сезіне білу керегін айтады.
– Адамда бес сезім бар ғой. Мысалы ол біздің құлағымыздың, көзіміздің ашылуы. Мұрнымыздың иіс, тілімізбен дәм, қолымызбен қатты-жұмсақты сеземіз. Адамдар менің туындыларымнан да өзінше бір нәрсені сезінеді. Осы әдістемемен айналысқаныма 33 жыл болды. Бұл методика «көркемдік еркін ойлау арқылы рухани тұлғаны қалыптастыру» деп аталады. Этноавангард ағымы. Яғни, этнос деген ата-бабаның жолы, ал авангард деген алда жүруші. Біздің әдістеме 30 жыл алға кетіп қалғандықтан мұны ақылмен түсіну қиын. Сондықтан, жанымен сезінеді. Бұл жағдайды Еуроподағы көрермендерден көп байқадым. Қазіргі таңда шәкірттерім баршылық. Шәкірттерім 3 жас пен 80 жас аралығындағы адамдар. Осыдан-ақ бұл өнердің жас талғамайтынын байқауға болады.
Көрме барысында суретшінің бірнеше шәкірттері де жүр. Арасында психолог Динара Бүркітбаевты әңгімеге тарттым.
Динара Бүркітбаева, психолог:
– Екі айдан бері қызығамын. Психологиямен байланысы бар сияқты. Біздің қолымызда барлық жүйке жүйелермен байланысты нүктелер бар. Қол арқылы миымыздағы негатив ақпараттың барлығын қағазға түсіреміз. Қағаз арқылы іштен сыртқа шығарып саламыз. Әрбір клетканың формуласы бар. Сол формула арқылы адам бойында қандай өзгеріс болып жатқанын білеміз. Мен жүрегімді тыңдап, ештеңе ойланбай отырып сурет саламын. Бір сөзбен айтқанда «демаламын» десем болады. Менің белім ауыратын. Сурет салғанымда «белімді емдеп отырмын» деп ойлаймын. Сондай ниетпен саллғандықтан ба, бір қызығы екі аптаның көлемінде белім ауырғаны қойды. Адам «мәселемді шешім жатырмын» деп салса, нәтижесі болатын сияқты.
Арт терапия өнеріне қызығатын оқырманға құлаққағыс. Бақтыбек Талқанбаевтың туындылары қаламыздағы №2 мектеп интернатында өтіп жатқан көрмеге қойылған.
Жанерке ХУМАР
Оңтүстік Рабат» газеті, №15, 10 сәуір 2019 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті