Түркістандағы Б.Саттарханов даңғылын кеңейту жұмыстары басталды

156

Күллі түркі жұртының рихани астанасы Түркістан күн өткен сайын түрленіп келеді. Көктемнің жаршысы іспеттес қызғалдақтары бүр жарып, айналаны көркем келбетке бөлеп тұр.

Төбесі көкпен таласқан биік үйлерінің қабырғалары қаланып жатса, көшелері кеңейіп, жол жөндеу жұмыстары қызу қарқын алған.

Киелі шаһардың кіре беріс қақпасын қаламен жалғап жатқан, ұзындығы 5 шақырымды құрайтын Бекзат Саттарханов даңғылын 6 жолақты етіп кеңейту жұмыстары басталды. Аталған жұмыстарды ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Жолды кеңейту жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілмек. Бірінші кезеңде 3 шақырым жол кеңейтіліп, шілде айының соңында пайдалануға беріледі, ал екінші кезеңде қалған 2 шақырымы кеңейтілетін болады.

Кеңейту жұмыстарының арқасында жолдың ені 18 метр болмақ. Сонымен қатар Түркістанның Бас жоспары мен жол кеңейту жұмыстарына сәйкес Б.Саттарханов даңғылының бойындағы, 111 жеке тұрғын үй және 85 коммерциялық нысан мемлекет мұқтаждығына алынатын болады.

Айжан Ермекқызы