Келес ауданы Абай ауылында алғаш рет құлтемірді құрастыратын ІТ кабинет ашылды. Қазірдің өзінде мұнда өз күшімен қарапайым гаджеттерді ойлап тапқан дарынды оқушылар оқиды. Жас ғалымдардың жұмысы мақтауға тұрарлық.
Салмағы 6 келіге жететін бұл скейтбордты қашықтан басқаруға болады. Бұл техника әдеттегіден жылдам қозғалатындығымен ерекшеленеді. Тамаша туынды мектеп оқушысы Мұхтар Дәулетбайдың өнертабысы.
Келес ауданындағы Абай ауылының тумасы бала кезден ғылымға ден қойған. Жас өнертапқыш бұл еңбегіне 2 жыл уақытын сарп еткен. Ал оны құрастыруға 90 мың теңге ақша жұмсаған. Сондай-ақ, техникаға қажетті бөлшектерді оқушы ғаламтор арқылы тапсырыс беріпті.
Мұхтар Дәулетбай, Абай ауылы №73 мектеп оқушысы: “Шетелде оқып, әрі қарай осы өнертабыспен айналысқым келеді. Мен біздің елімізде бұрын соңды болмаған жаңа дүние ойлап тапқым келеді”.
№75 мектеп Мұхтар секілді дарынды балаларға арнап ІТ кабинетін ашты. Нысан кішкене роботтардың көмегімен іске қосылатын 3D принтер және ноутбуктермен жабдықталған. Компьютерлер барлық қажетті бағдарламалармен қамтылған. Ал бұл ақылды кабинетке жергілікті бюджеттен 7,5 миллион теңге қаржы бөлініпті.
Бахтияр Әбдиев, Келес аудандық дене шынықтыру, білім және спорт бөлімінің басшысы: “Келес ауданында техногендік салада балалардың еркін шығармашылық дамуы үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен және техникамен жабдықталған 12 IT сынып ашу жоспарлануда. Ол үшін облыс бойынша 90 млн.теңге бөлінді”.
№75 мектеп Абай кентіндегі ең ілгері білім ошақтарының бірі. Мұнда балалар робототехникадан басқа модельдеу және бағдарламалаумен айналысады. Орта буын оқушыларына арналған робототехника бойынша сабақтар аптасына бір рет ұйымдастырылады. Қазір мектеп оқушылары сәуір айының соңында өтетін “Қазроботекс” байқауына қатусуға қызу дайындалуда.
Айя Мүтәлі