Түркістандағы құрылыс жұмыстары екі ауысымда жүргізіледі

116

Қала әкімінің төрағалығымен өткізілген аппараттық мәжілісте бюджеттің игерілу мен қаладағы құрылыстардың барысы және мемлекет мұқтаждығы үшін алынып жатқан нысандардың жұмысы туралы талқыланды.

Қазіргі таңда Түркістанда жүріп жатқан әрбір жобаның мемлекеттік тұрғыдан үлкен маңызға ие екендігін алға тартқан қала басшысы, кез — келген құрылыс жобасының сапалы жүзеге асырылуын жауапты мекемелерге қатаң қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар, Ә.Өсербаев: «Құрылыс нысандарының (тұрғын үй, жол, құрылысы, абаттандыру жұмыстары, газ, ауыз су, сарқынды су жүйелерінің құрылыстары) межеленген уақытта аяқталуын толық қамтамасыз ету үшін екі ауысымда жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан да тапсырыс беруші мекеме ретінде әкімдікке қарасты жауапты мекемелер барлық мердігер, құрылыс компанияларының жұмыстарын екі ауысымда жүзеге асыруын қадағалаңыздар. Себебі, құрылыс жұмыстары белгіленген уақыттан кешіктірілмеуі қажет»-деп нақтылады.

Жалпы мәжіліс барысында құрылыстардың жүргізілу сапасы, пайдаланылып жатқан материалдардың тиімділігі мен төзімділігі және қала ішіндегі көшелердің жөндеу жұмыстарына қатысты бірқатар мәселелер қаралды.