Телефон ұрлығымен айналысқан ұры ұсталды

198

Түркістан облысы Полиция департаментінің криминалды полиция қызметкерлері бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты жедел-алдын алу іс-шаралары аясында ұрлықпен айналысқан қалта ұрысын құрықтады.

Түркістан қаласының полициясына жыл басынан бері базарлар мен қоғамдық орындарда ұрланған ұялы телефондар бойынша оншақты қала тұрғыны арызданған. Мәселен, жәбірленушілердің бірі базарда жүрген кезінде арам пиғылдылардың бағасы 100 мың теңгеден асатын ұялы телефонын ұрлап кеткендігі туралы хабарлайды. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «ұрлық» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды.

Қылмысты тез арада ашу үшін ТО ПД криминалды полиция басқармасынның тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы топ құрылды. Полицейлері қылмыскерді анықтау мен ұстау мақсатында біршама іс-шаралар кешенін іске асырды. Нәтижесінде Түркістан облысы ПД-нің криминалды полиция қызметкерлері Кентау қаласының тұрғынын ұстады. Ұсталған азамат кінәсін толығымен мойындады.

Қазіргі таңда бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Тергеу барысында күдіктінің осындай қылмыстардың 10 жайтына қатысы бар екендігі белгілі болды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы жарты миллионнан астам теңгені құрап отыр. Ұрланған мүліктің бір бөлігі заңды иелеріне қайтарылды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға облыс орталығында, қоғамдық орындарда, сондай-ақ тағы да басқа адам көп шоғырланған аймақтарда жүргенде жеке мүлікке мұқият болу керектігін ескертеді. Дүкенге барғанда, сауда орындары мен транспорттарда жүргенде салғырттық танытпай абай болып жүру керектігін айтады. Сонымен қатар, сөмкелер мен қалталарды барынша бекітіп немесе өзіне жақын ұстап, көзден таса етпеу керек. Автокөліктер мен автобустар секілді транспорттарға мінерде және түсерде, міндетті түрде бағалы заттарыңыз тұрған сөмкеңізді немесе қалтаңызды тексеріп алғаныңыз жөн.

Егер де сіз осындай қылмыстардың, ұрлықтардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз онда тез арада уақытыңызды жоғалтпай полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде қалта ұрыларының, қылмыскерлердің ізін суытпай ұстауға көмегін тигізеді.