Жұмысқа тұрғызуға уәде беріп 120 мың теңгесін алдап алған алаяқ ұсталды

147

Сайрам ауданының тәртіп сақшылары әлеуметтік көмек алуға және жұмысқа орналасуға көмек беруге уәде беріп, сенгіш адамдардың ақшасын алдап алған күдіктілерді құрықтады.

Мысалы, үстіміздегі жылдың ақпан айында Сайрам ауданының полиция басқармасына бір танысы әлеуметтік көмек алып беремін деп оның 15 мың теңгесін алдап алғандығы туралы жергілікті тұрғын әйелден шағым түсті. Аталған айғақ, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілміне тіркелді. Жедел-іздестіру шараларының барысында полицейлер күдікті жергілікті тұрғынды ұстады. Анықталғандай, күдікті бірнеше алаяқтық іске қатысты болып шықты. Жалпы жиынтығы 100 мың теңгеге жуық болды. Қазіргі кезде алдын ала тергеу бойынша жинақталған материалдар сотқа жолданды.

Сондай-ақ жедел-іздестіру шараларының барысында Сайрам аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері алаяқтыққа қатысты Шымкент қаласының тұрғынын да ұстады. Полицейлер анықтағандай, ер азамат Түлкібас ауданы тұрғынының сеніміне кіріп, жұмысқа орналастырамын деп алдау арқылы оның 120 мың теңгесін алып қойған. Қазіргі кезде аталған айғақ бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.