4 сәуір күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аз қамтылғын азаматтар мен көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларын, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетіктерін жетілдіруді көздейтін заңға қол қойды.
Жаңарған Заң Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жүзеге асыру аясында әзірленді. 1 сәуірден құжат қабылдау басталғалы Халыққа қызмет көрсету орталықтары жәрдемақы үшін жанталасқа толы. Сондағы көріністен осылай демеске лаж жоқ. Келушінің қатары еселеп өскен. Бәрі де құжатын құнттаудың қамына кіріскен. Кейіпкер кейпіне еніп, құжатын құнттағандардың қатарынан біз де табылдық.
ӘЙЕЛДЕР ШАПҚЫЛАП ЖҮР!
Шымкенттегі тұрғын саны көп аудан – Абай ауданы. Сәйкесінше, басқа үш ауданмен салыстырғанда мұнда көп балалы отбасылар да, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жататындар да көп тұрады. Бұған осы ауданда орналасқан ХҚКО-ға барғанмызда тағы да көзіміз жетті. Құжат қабылдаудың алғашқы күні-ақ мұнда шымкенттіктердің тең жартысы жиналғандай көрінді.
Шымкент қаласында көп балалы 32000 отбасы бар
Көбі, дәлірегі 90%-ға жуығы әйел кісілер. Біреулері құндақтаулы нәрестесін, ендібірі екі-үш баласын ерте келіпті. У-шу. Дау-дамай. Қарбалас. Жанталас. Қарны ашып, мазасы қашқан бала да анасының төзімін сынап бағады.
Дегенмен, барлық жұмысын жинастырып, таңның атысымен жиналған әйелдер «қайтсек те бүгін тізімге ілікпей қайтпаймыз» деп белін бекем буып тұр.
Сөздерінше, жәрдемақы құжаттарын алғашқы тапсырғандарға ғана беріледі екен-міс. Бертін тапсырғандарға жетпей қалады екен. Себебі, ақша аз.
Осындай сөзді жадына тоқып алғандар мұндағы мамандардың жағасынан алып, «Жұмыстарыңды дұрыс атқармай жатырсыңдар. Әдейі қолдан жасалып отырған кезек» деп жанжал шығарды.
Жәрдемақыдан қағылудан қорыққандар 1 сәуір күні құжат қабылдау жұмыстарына небәрі 5 маманның жұмылғанына наразы еді.
«Үш балама беретін алименті – 15 мың теңге»
ұжатын алғашқы болып тапсыруға асыққанның бірі – Айнұр. Ол 3 баланың анасы. Бәрі де мектепте оқиды. Өзі ажырасқан. Балаларының әкесі төлейтін алименттің мөлшері 15 мың аспайды. О сома мұның жалдап тұратын пәтерақысының жартысына ғана жетеді екен.
— Мен сағат 10:00-де келіп талон алдым. Кезегім түстен кейін сағат 15:00-де жетті. Адам өте көп. Көбісі емізулі сәбилерімен келген. Мұндағы орындықтар аз. Сондықтан да кезекті тұрып күтуге мәжбүр болдым. Қабылдап жатқан бес-ақ маман. Егер көп болса кезегім ертерек жылжитын еді,- дейді Айнұр.
АБАЙ АУДАНЫ
ХАЛЫҚ САНЫ — 322911
4 және одан көп баласы бар — 10371
«Алтын» алқа иегері — 1171
«Күміс» алқа иегері — 1993 тұрады
АӘК-ні бұған дейін 4000, енді 8300 отбасы алады
Айнұрдың сөзінше, «жәрдемақыға тек жеке куәлік керек» дегенімен ол үйіндегі барлық құжатын ала келіпті. Және соған өкінбейді-де.
Өйткені, оның алдында кезекте тұрған бірнеше әйелдің құжаттары түгел болмай кері қайтыпты.
ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ
ХАЛЫҚ САНЫ — 292000
4 және одан көп баласы бар — 7671
«Алтын» алқа иегері — 650
«Күміс» алқа иегері — 1500 тұрады
АӘК-ні бұған дейін 2000, енді 4000 отбасы алады
— Жеке куәлігімді, балаларымның туу туралы куәлігін, неке бұзу туралы соттың шешімі мен алимент алатыным жайындағы анықтаманы, оның үш айлық түбіртегін, банктегі 20 саннан тұратын есепшот анықтамасын өткіздім. Кенжем 7-ге толмаған соң «Неге жұмыс істемейсіз? Жұмыссыз болып тіркелу керексіз! Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде бірыңғай жинақтаушы төлем жүргізіңіз!» деген артық сұрақтар қоймады. Айлық кіріс тек алимент болған соң, табыс көзі деп соны көрсетіп, жәрдемақының шартсыз түріне құжат тапсырдым,- деді ол.
ӘЛ ФАРАБИ АУДАНЫ
ХАЛЫҚ САНЫ — 220000
4 және одан көп баласы бар — 3518
«Алтын» алқа иегері — 351
«Күміс» алқа иегері —
935 тұрады
АӘК-ні бұған дейін 1200, енді 2200 отбасы алады
БАРЛЫҚ ҚҰЖАТ КЕРЕК!
Абай ауданында құжат қабылдап отырған Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Алия Әмірееваның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрін тағайындау үшін «тек жеке бас куәлігі керек» дегенімен, бірыңғай «е-халық» базасын құру үшін әлеуеті төмен, әлеуметтік көмекке мұқтаж және көпбалалы отбасылардың барлық құжаттары қажет.
– Электронды база жасақталып, тізім бекітілгеннен соң, жәрдемақыға қол жеткізген отбасылар санатына қарай жарты жылда бір рет (шартсыз) немесе бір жылда бір рет (шартты) жеке бас куәлігімен ғана келетін болады,-дейді Алия Әміреева.
ҚАРАТАУ АУДАНЫ
ХАЛЫҚ САНЫ — 247676
4 және одан көп баласы бар — 8118
«Алтын» алқа иегері — 560
«Күміс» алқа иегері — 1552 тұрады
АӘК-ні бұған дейін 2133, енді 6000 отбасы алады
Осы ретте маман, кейіпкеріміз Айнұрдың жұмыспен қамтылмаса да не себепті жәрдемақыдан үмітті екенін түсіндіріп берді. Айтуынша, атаулы көмек күнкөрісі төмен, жан басына шаққанда орташа айлық табысы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 20789 теңгеден аспайтындарға беріледі.
– Атаулы әлеуметтік көмектің шартты түрі толық отбасыларға, яғни, күйеуі әйелі және ортақ балалары бар отбасыларға жеке кәсібін дөңгелетуге көмек қолын созу үшін тағайындалады. Көмектің бұл түрін алған отбасы жергілікті атқарушы органдарына ақшаның қалай жұмсалып жатқандығы жөнінде есеп беріп отырады. Ал жәрдемақының шартсыз түрі жалғызілікті және жалғыз тұратын күнкөрісі төмен, І-ІІ топ мүгедектеріне, отбасы құрамында еңбекке қабілетті адамы жоқ, жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі 7 жасқа дейінгі баласы бар, мүгедек баласы бар, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қарттарға күтім жасайтын жанға тағайындалады. Олар алған ақшасына есеп бермейді. Ал бұл кісі ажырасқан. Яғни толық емес отбасы болып табылады. Оның 3 баласы бар. Кішісі 7 жасқа толмаған. Сондықтан да оның жұмыспен қамтылуы маңызды емес. Тек балалары үшін алатын алименттің түбіртегі арқылы орташа айлық табысын растайды. Ондағы сомманы өзіне және үш баласына бөлгенде жан басына 3750 теңгеден тиіп тұр,- дейді маман Алия Әміреева.
20 МЫҢ ОТБАСЫНА ЖӘРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ
Сәуірдің 1 күні тек Айнұрдың ғана емес, одан бөлек қаншама мың адамның құжаты қабылданыпты. Мәселен, Абай ауданы бойынша сол күні 2000-ға жуық құжат қабылданған. Мамандардың айтуынша, түскі үзіліссіз 12 сағат жұмыс істеген. Бұған құжаттарды қабылдап жатқан барлық ауданның ХҚКО-н аралау барысында көз жеткіздік.
– Ай соңына дейін осылай жұмыс істей бермекпіз,-дейді орталықтағылар. Себебі, тізімге жәрдемақыдан үміті барлардың бәрі ілінуі керек. Бірақ, бұл дегеніміз «құжаты өткеннің барлығына жәрдемақы беріледі» деген сөз емес. Жасақталған әлеуметті-электронды картадағы тізімнің өзі сүзгіден өтеді. Яғни, құрылған арнайы комиссия құжаттардың негізінде үй-үйді аралап, үміткерлердің әлеуметтік жағдайын, тұрмысын тексеріп шығады. Сөйтіп, жәрдемақы шын мәнінде де көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беріледі. Мамандар «биыл атаулы әлеуметтік көмекті 20 мың шымкенттік отбасы алады» деп отыр. Бұл былтырмен салыстарғанда 10 мың отбасына көп.
ӨЗІН-ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫСА…
Құжат қабылдаудың екінші күнінде Еңбекші аудандық ХҚКО-ына бардық. Мұндағы жағдай да мәз емес. Бума-бума құжат ұстаған әйелдер. Айқай-шу. Бізде кезек алып, сол әйелдердің қатарына тұрдық. Мұндағы келіншектер бірін-бірі танымайды. Бірақ бір үйдің баласындай арқа-жарқа әңгімелері жарасып тұр. Себебі, барлығының ортақ әңгімесі, бір-біріне ұқсас мәселесі бар. Ол әрине де жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің жәй-жапсары.
Әйелдердің әңгімесіне құлақ түрсек, көбі бүгін осында екінші рет келіп тұр. Алғашқы күні адам қарасы көп болғаны соншалық кезек жетпеген. Екіншілері келгенде талон таусылып қалыпты. Ендібірі жалғыз куәлікпен келіпті. Бірақ, бұл оның электронды-әлеуметтік базаға тіркелуіне жеткіліксіз болған. Сондықтан да бүгін барлық құжатын алып қайта келген. Өзін Анар деп таныстырған бір келіншек жолдасының құрылыста істейтінін айтады. Тұрақты жұмысы болмағандықтан зейнетақы жарналарын айтпағанда, жалақы да бірде бар, бірде жоқ. Сол себепті мамандар, кеше оның құжатын кері қайтарыпты.
–5 баламыз бар. Кішісі 3 жаста. Мен соған қарап үйде отырамын. Ал жолдасым маусымдық жұмыста істейді. Жалақысын алғанға қуанамыз. «Ал мұнда әлеуметтік аударымдар жасалмаған. Жұмыссыз болса, жұмыспен қамту орталығына тіркелсін. Егер өзін-өзі жұмыспен қамтыса поштаға барып 2250 теңге көлемінде бірыңғай жинақтаушы төлемді төлесін» деп жатыр. Сонымен кеше кері қайттық. Бүгін төлем жасап, түбіртектерін алып қайта келіп тұрмын, — деп күрсінді.
Айта кетейік, базарда, құрылыста және тағы басқа ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер (зейнетақы жарналары жүргізілмейтін) немесе жеке кәсіпкерлер өзінің табысын растауы үшін бірыңғай жинақтаушы қорына республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, астанада айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерін, елдімекендерде 0,5 еселенген мөлшерін аударуы керек. Бұл арқылы отбасының айлық табысы дәлелденеді.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарды
қала тұрғындары төменде көрсетілген
мекенжайларға тапсыра аладыАБАЙ АУДАНЫ
Аудан әкімшілігінің мекенжайы: Қазыбек би көшесі, 44
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының №1 бөлімшесігің мекенжайы: Мәделі қожа көшесі, 1гӘЛ ФАРАБИ АУДАНЫ
Аудан әкімшілігінің мекенжайы: Тыныбаев көшесі, 49
Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының № 3 бөлімшесінің мекенжайы: Жангельдин көшесі 13а үй.ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ
Аудан әкімшілігінің мекенжайы: Л. Толстой көшесі, 119
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалынң №8 бөлімшесінің мекенжайы: Қапал батыр көшесі, 4 үйҚАРАТАУ АУДАНЫ
Аудан әкімшілігінің мекенжайы: Нұрсәт ш/а, Бәйдібек би, 60 үй
Әкімдік ғимаратыЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ: С.Бәйтереков, 89 үй
БАЛА КҮТІМІНІҢ ЖӘРДЕМАҚЫСЫ КІРІСКЕ САНАЛАДЫ
Құжат қабылдаудың үшінші күні Әл- Фараби аудандық ХҚКО-сына келдік. Күннің бірінші жартысында әдетте адам көп болады. Оған алғашқы екі күнде көзіміз жетті. Сондықтан да түс қайта сағат 17:00-лер шамасында бардық. Қолымызға тиген талонның нөмірі 1748. Онда алдыңызда 621 адам бар деп жазылыпты. Кезегімізді күткен сыңай таныттық. Байқасақ, мұнда тек мамандарға ғана емес, көшірме жасайтын үстелдерге де кезекке тұрғандар бар. Ал оның бағасы шарықтап тұр. Бір жапырақ қағаздың көшірмесі 40-50 теңгеден. Тезтікпе (Скорошиватель) де бағасы 120-150 теңгенің арасында. Құжатымыздың көшірмесін алмақ болып біз де сол үстелдің біріне кезекке тұрдық.
Осында Жанар есімді құрбымды кезіктірдім. Оның көңіл қошы жоқ. Айтуынша, бір күн уақыты текке кетіпті. «Жәрдемақыға қол жеткізем» деген қуанышы су сепкендей басылғанын айтады. Себебі, алып отырған 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақысы «доходқа» есептелген.
–Жолдасымның жалақысы 80 мың теңге. Өзім үшінші баламмен декреттік демалыста отырмын. Қазір 11 айлық. Келесі айда жәрдемақысы тоқтайды. Бірақ, мұндағылар сол баланың күтімі үшін алып отырған 33 мың теңгені кіріске есептеді. Сөйтіп, орташа айлық табысымыз жан басына шаққанда 20789 теңгеден асып кетті,-дейді ол.
Мамандардың айтуынша, бұл бір ғана мысал емес. Құндақтаулы, бір айлық, алты айлық немесе он бір айлық балалары бар отбасылар өте көп. Құжат қабылдауда қаңтар, ақпан, наурыз айларының орташа табысы есептелген соң бұл айларда алған баланың бір жасқа дейінгі жәрдемақысы кіріске есептеледі. Кей отбасылардың табысы бұл жәрдемақыны қоса есептегенде жетпеуі мүмкін. Кейбіреулерінікі асып кетеді. Сондықтан да келесі де құжат қабылдау маусымы басталғанда осыны ескерген жөн. Ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларға берілетін 10504 теңге, «Алтын», «Күміс» алқа иелерінің 16160 теңге жәрдемақысы отбасының кірісі болып табылмайтынын айта кеткен жөн.
ЖӘРДЕМАҒЫДАН ДӘМЕМІЗ ЖОҚ
Газетіміздің тұрақты оқырманы Жанар Әбішева осылай дейді. Айтуынша, басында Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде «1 сәуірден бастап көп балалы отбасының әр баласына 21 мың теңге жәрдемақы тағайындалсын» деген тапсырмасын естігенде қуаныпты. Cебебі, 5 баласы бар. Бірақ, бертін келе мұның оларға қатысы жоғын біледі. Себебі, ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін отағасының жалақысы 100 мыңнан асады. Бірақ бұл қаржы бес баланы асырауға жетпейді. Сондықтан да Жанар 6 айлық баласын үйге тастап жұмысқа шығып кетеді. Сөйтіп қазір, жолдасымен бірдей мөлшерде жалақысы бар. Орташа айлық жалақысы екеуінікін қосқанда 200 мың теңгені құрайды. Бірақ алтынқұрсақты ана қымбатшылық алқымнан алған мына заманда бұл ақшаның жыртығын жамауға жетпейтінін айтады.
АЛИМЕНТ АЛМАЙТЫНДАРҒА ҚИЫН
Қаратау аудандық әкімшілігне құжатын өткізуге келген алтынқұрсақты ана осылай деп қиналып отыр. Айтуынша, жолдасы 8 баласымен тастап кеткен. Заңды түрде ажырасқан. Сот алимент төлеуге бұйрық шығарғанымен әкесымақ оны төлемейді екен. Сот орындаушылары да жауапкершіліктен жұрдай әкеге қанша ескерту жасалғанымен, «жұмыссыз болғандықтан қолдан келер шара жоқ» деп айтады. Ал, шиеттей бала шағаның барлық қызығын да тауқыметін де тартып отырған ана енді үкіметтің шарапатынан да құр қаламын ба деп қорқады. Себебі, заң бойынша алимент алу керек. Ал ол табысқа есептеледі.
ХҚКО мамандары мұндай жағдайда сот орындаушысынан анықтама талап етуде. Себебі тек олар ғана бұл отбасыға алименттің төленуі тиіс, бірақ төленбей отырғанын растай алады.
ҚАҢҚУ АҚПАРАТТАРҒА СЕНБЕУ КЕРЕК
Осылайша бір апта бойы кейіпкер кейпіне еніп, атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдап жатқан барлық орталықтарды аралып шықтық. Халықпен сөйлестік. Олардың көкейінде жүрген сан мыңдаған сауалдарды, мәселелерін тыңдадық. Халық қанша болса, пікірлер де сан алуан. Дегенмен, мамандар халықты даурықпауға шақырады. Олар жәрдемақыға төленетін ақшаның түгесілетіні жалған ақпарат екенін айтады. Мұндай қаңқу сөздерге сенбеу керек деп отыр. Құжат мәселесіне келгенде де түсіністікпен қарауға үндеп жатыр. Орталықтарға келгенде отбасының әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттарды өзімен бірге әкелу керек екенін айтады. Құжаттар айдың соңына дейін қабылданады. Одан соң құжаттарды тексеру, өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Ал жәрдемақы содан кейін төленеді. Қалай десек те, атаулы әлеуметтік көмек сәуір айын қосып береді.
Айта кетсек, Президент қол қойған заңға сәйкес, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50% — нан 70% — ға дейін арттырылып, 20 789 теңгені құрады. Егер АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне бұрын 4 834 теңгені құраған болса, сәуір айынан бастап әр балаға 20 789 тг. төленеді. Бұл ретте, ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийінің мөлшері арасындағы айырмашылық төленеді. Бұдан басқа, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін және бала кезінен бастап бірінші топ мүгедектігі бар адамдарды күтушілерге ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 30% -ға артты. Қабылданған шаралар нәтижесінде АӘК алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін артады деп күтілуде.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» газеті, №15, 10 сәуір 2019 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті