Жекеменшік балабақшадан жоғалған балаларды полиция тауып берді

241

Шымкентте жекеменшік балабақшадан екі бала жоғалған. Күні кеше кешкісін сағат 17:30 шамасында екі бүлдіршін балабақшадан рұқсатсыз шығып кеткен. Жекеменшік мектепке дейінгі мекеме қаладағы 11-ші шағынауданда орналасқан.

«Балаңыз үйге келмеді ме?» деп балабақшадан хабарласқанда зәрем қалмады. Бір сағатқа жуық уақыт өзіміз іздеп, болмаған соң полицияға хабар бердік. Шымкенттің полицейлеріне рақмет. Кешкі сегіз жарымда тауып берді. Барлығы жабылып, шұғыл іздеген полицияға алғысымыз шексіз», — дейді жоғалып табылған балақайлардың бірінің анасы Қарлығаш Жолдасбекова.

Бұл оқиға туралы Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі фейсбук парақшасында мәлімдеді.

«2019 жылғы 1 сәуір күні сағат 17:30 шамасында бала-бақшадан екі бала шығып кетіп, үйіне оралмаған. Ата-анасы өздері іздеп таппаған соң, Шымкент қаласы полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне хабарлаған.  Екі баланы табу үшін барлық жеке құрам жұмылдырылып, екі сағаттың ішінде балаларды іздеп тауып, ата-анасына табыстады», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жанар Есенбекова