Жемқорлық фактілерін біле тұра хабарламаған басшы қызметінен кетті

781

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысының қорытындысымен 12 лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды, олардың 1-і «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару», 2-не «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту», 2-не «сөгіс» және 7-не «ескерту».
Атап айтсақ, сыбайлас жемқорлық фактілерін біле тұра тиісті мемлекеттік органга хабарламағаны үшін Мақтарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Норабаев Бауыржан Абдрахмановичке Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Ал, елді мекендерді газдандыру барысында заңнамаларды сақтамағаны үшін Сайрам ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлім басшысы Е.Ө.Сарыбековке және сотқа шағымдану кезінде жіберілген кемшіліктері бойынша шығарылған соттың жеке ұйғарымдарының негізінде Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасының басшысы М.С.Алибековке «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін сақтамаған Ордабасы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.А.Сихымбаеваға және мектеп директоры бос лауазымына конкурс жариялау қағидасының талаптарын бұзғаны үшін Келес ауданының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Б.С.Абдиевке «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасын қолдану туралы ұсынылды.

Тәртіптік жаза қолдану ұсынылған лауазымды тұлғалар қатарында сотқа талап арыз беру мерзімін өткізіп алғаны үшін Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы К.Х.Мылтықбековке, мектеп директоры бос лауазымына конкурс жариялау қағидасының талаптарын бұзғаны үшін Бәйдібек аудандық білім бөлімінің басшысы А.А.Құлымбетке, мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарын сақтамаған Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.К.Егізбаевқа, Басқарманың дәрілік заттармен қамтамсыз ету және лицензиялау бөлімінің басшысы Л.У.Бегайдароваға, құқықтық жұмысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.А.Суинбекке, дәрілік заттармен қамтамсыз ету және лицензиялау бөлімінің бас маманы А.Р.Дуйсенбековке және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы С.С.Идияевке «ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы ұсынылды.
Сонымен қатар, 4 қызметкерге қатысты қозғалған тәртіптік іске тәртіптік жаза қолдану мерзімінің өтуіне және деректер дәлелін таппауына байланысты тоқтатылды.

Олар: Ордабасы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Б.К.Алишев, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.У.Оспанов, Ордабасы ауданының білім бөлімінің басшысы Ш.Т.Нурабаева және Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы М.А.Абишев тәртіптік істері тәртіптік жаза қолдану мерзімінің өтуіне және деректер дәлелін таппауына байланысты тоқтатылды.